Freedom Inside '26

Әлеуметтік қызметтер порталында жаңа цифрлық мүмкіндіктер іске қосылды

Әлеуметтік қызметтер порталында жаңа цифрлық мүмкіндіктер іске қосылды
ашық дереккөз

Әлеуметтік қызметтер порталында пайдаланушылар үшін қызмет алу процесін жеңілдететін және қауіпсіздігін арттыратын бірқатар жаңа цифрлық мүмкіндік енгізілді, деп хабарлайды ult.kz.

Енді портал арқылы берілетін тапсырыстарды QR-код немесе электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы растауға болады. Пайдаланушылар өздеріне қолайлы тәсілді өздері таңдай алады.

Мамандардың айтуынша, QR-код арқылы қол қою мүмкіндігі ЭЦҚ-ны үшінші тұлғаларға беру тәуекелін азайтып, қызмет көрсету қауіпсіздігін күшейтеді.

Сонымен қатар, порталда тауарды SMS-код арқылы растау жүйесі іске қосылды. Тауар жеткізілгенде немесе оны алушы өздігінен алып кеткен жағдайда, оның ұялы телефонына бір реттік SMS-код жіберіледі. Код расталғаннан кейін тапсырыс автоматты түрде «Орындалды» мәртебесіне ауысады. Бұл тетік тауарды беру процесінің ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұдан бөлек, Aleumet порталында техникалық оңалту құралдарын алушыларға арналған онлайн сауалнама қолжетімді болды. Азаматтар техникалық құралдардың құны, қосымша төлем мөлшері және оларды сатып алу қолайлылығы жөнінде өз пікірлерін білдіре алады.

Ал Inva.gov.kz порталында объектілердің қолжетімділігін бағалауға арналған онлайн өзін-өзі бағалау сауалнамасы іске қосылды. Оның көмегімен ғимарат иелері мен бизнес өкілдері өз нысандарының мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қаншалықты қолжетімді екенін бағалап, анықталған кедергілерді жоюға қатысты ұсынымдар ала алады.

Мамандардың айтуынша, әлеуметтік қызметтер порталын жетілдіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Жаңа цифрлық шешімдер әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі мен пайдаланушыларға қолайлылығын арттыруға бағытталған.