Таяу Шығыстағы соғыс төртінші айға аяқ басқанымен, әлемдік экономика әзірге ауыр дағдарысқа ұшырай қойған жоқ. Дегенмен бұл уақытша тұрақтылық қана болуы мүмкін. Мұнай бағасының қымбаттауы, инфляциялық қысымның қайта күшеюі, жеткізу тізбегіндегі іркілістер мен қаржы нарығындағы белгісіздік әлем экономикасының осал тұстарын тағы бір мәрте айқын көрсетті. Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) қазіргі ахуалды «тұрақты, бірақ тәуекелі жоғары кезең» деп бағалайды.
Соңғы бес жылда жаһандық экономика бірінен соң бірі келген дағдарыстардан көз ашпады. Алдымен пандемия өндіріс пен халықаралық сауданы әлсіретті. Кейін Ресей мен Украина арасындағы соғыс энергия мен азық-түлік нарығына соққы берді. Енді Таяу Шығыстағы қақтығыс әлемдік экономиканың беріктігін кезекті рет сынаққа салып отыр.
Әзірге әлемдік экономика бұл күйзелісті еңсере алғандай көрінеді. АҚШ пен Қытай сияқты ірі экономикалар өсім қарқынын сақтап отыр, ал қаржы нарықтарында жаппай дүрбелең байқалмайды. Бірақ бұл барлық ел бірдей қауіпсіз аймақта деген сөз емес.
Мұнай бағасы тағы да әлем назарында
Таяу Шығыс – әлемдегі мұнай өндірісінің басты орталығы. Сондықтан өңірдегі кез келген әскери шиеленіс мұнай нарығына бірден әсер етеді. Соғыс басталғаннан бері мұнай бағасы шамамен 30 пайызға қымбаттады. Әсіресе әлемдік мұнай тасымалының маңызды дәлізі саналатын Ормуз бұғазының жабылуы нарықтағы алаңдаушылықты күшейтті.
Дегенмен мұнай бағасының бақылаудан толық шығып кетпеуіне бірнеше фактор әсер етті. Қытай сияқты ірі мемлекеттер стратегиялық мұнай қорын пайдаланды. АҚШ пен Парсы шығанағынан тыс елдер өндірісті ұлғайтты. Көптеген мемлекет ішкі нарықта бағаны тұрақтандыру шараларын қолға алды.
Алайда сарапшылар бұл уақытша факторлар екенін айтады. Егер қақтығыс ұзаққа созылса немесе жаңа аймақтарға таралса, энергия бағасының қайта шарықтауы әбден мүмкін.
Энергия бағасының өсуі өндіріс шығындарын арттырып, көлік қызметінен бастап азық-түлікке дейінгі барлық тауардың бағасына әсер етеді. Сондықтан халықаралық сарапшыларды мұнайдың өзі емес, оның инфляцияны қайта үдетуі көбірек алаңдатады.
Соңғы екі жылда көптеген мемлекет инфляцияны тежеу үшін пайыздық мөлшерлемелерді көтерді. Егер мұнай бағасы қайта өссе, орталық банктер ақша-несие саясатын тағы да қатаңдатуға мәжбүр болуы мүмкін. Бұл несие құнын өсіріп, инвестицияны азайтып, экономикалық өсімді баяулатуы ықтимал.
Бүгінде жаһандық экономиканың басты қозғаушы күштерінің бірі – жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар. Microsoft, NVIDIA, Google, Amazon және Meta секілді алпауыт компаниялар жасанды интеллект пен деректерді өңдеу орталықтарына миллиардтаған доллар инвестиция құйып жатыр.
Осының арқасында АҚШ экономикасы жоғары өсім көрсетіп отыр. Азияның технологиялық өндірісі дамыған елдері де жаңа технологиялық толқынның игілігін көріп келеді.
Алайда бұл мүмкіндік барлық мемлекетке бірдей бұйырған жоқ. Дамушы елдердің басым бөлігінде цифрлық инфрақұрылым әлсіз, технологиялық жаңғыру баяу жүріп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары технологиялық алшақтық бай және кедей елдердің экономикалық айырмашылығын бұрынғыдан да ұлғайтуы мүмкін.
Қазақстан үшін қандай сабақ бар?
Қазақстан мұнай экспорттаушы мемлекет болғандықтан, мұнай бағасының өсуі бюджет кірісін арттыруы мүмкін. Алайда бұл жағдайдың кері әсері де жоқ емес.
Қазақстан экономикасы импортқа тәуелді. Әлемдегі тасымал шығындарының қымбаттауы елімізге әкелінетін тауарлардың бағасына әсер етіп, инфляциялық қысымды күшейтеді. Сонымен қатар халықаралық қаржы нарығындағы белгісіздік теңге бағамына да ықпал етуі ықтимал.
Сондықтан сарапшылар мұнайдан түсетін уақытша табысты ағымдағы шығындарды көбейтуге емес, экономиканы әртараптандыруға, өндірісті дамытуға, цифрлық технологиялар мен адами капиталға инвестиция салуға бағыттау қажет екенін айтады.
Халықаралық валюта қоры мемлекеттерге баға тұрақтылығын сақтауды, бюджеттік тәртіпті әлсіретпеуді және әлеуметтік қолдауды нақты мұқтаж топтарға бағыттауды ұсынады. Сонымен қатар бүгінгі дағдарыспен күресумен қатар, жасанды интеллект, ғылым, технология және білім саласына инвестицияны арттырудың маңызы ерекше екені атап өтіледі.
Бүгінгі геосаяси ахуал тағы бір маңызды шындықты көрсетті: экономика енді тек өндіріс пен қаржы мәселесі ғана емес. Энергетикалық қауіпсіздік, технологиялық тәуелсіздік, инновация және адами капитал елдердің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты факторларға айналды.
Әлемдік экономика әзірге бұл күйзелісті еңсеріп отыр. Бірақ қазіргі тұрақтылықты қауіптің сейілгені деп қабылдауға болмайды. Керісінше, бұл мемлекеттер үшін экономиканы жаңа жағдайға бейімдеп, ұзақ мерзімді тұрақтылықтың негізін қалау қажет екенін еске салатын кезең.