Павлодарда үш жасар қызын ұзақ уақыт бойы азаптап, кейін өліміне себеп болды деп танылған 26 жастағы ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.
Stan.kz жазуынша, қайғылы оқиға 2025 жылдың қыркүйегінде Павлодар облысындағы Осмерыжск ауылында болған. Тергеу мәліметінше, ер адам мас күйінде үйіне келіп, қызын соққыға жыққан. Кейін баланы көршінің моншасына алып барып, бетон еденге қатты лақтырған. Ауыр жарақат алған бүлдіршінді ауруханаға өзі жеткізгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Сот барысында марқұм қыздың анасы күйеуінің мінез-құлқы ұлы дүниеге келгеннен кейін өзгергенін айтты. Оның сөзінше, ер адам үш жасар қыздың өзінен туғанына күмән келтіріп, сол себепті балаға қатыгездік көрсеткен.
Сот анықтағандай, қыз бала 2025 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін тұрақты түрде зорлық-зомбылық көрген. Тергеу деректерінде әкесінің оны кейде төсекке байлап қоятыны және жиі ұрып-соғатыны көрсетілген.
Сот-медициналық сараптама барысында баланың денесінен әр кезеңде салынған 36 түрлі жарақат анықталған. Сондай-ақ сарапшылар сотталушының «қызым кір жуғыш машинаның үстінен құлап қалды» деген уәжін теріске шығарды.
Іс материалдарын қарау кезінде сотталушы мен жұбайының телефонынан алынған, қыздың денесіндегі соққы іздері көрінетін фотосуреттер зерттелді. Бұл айыптаудың маңызды дәлелдерінің бірі болды.
Сотталушы азаптау фактісін ішінара мойындағанымен, қызын қасақана өлтіргенін жоққа шығарып, оқиғаны абайсызда болған жағдай деп түсіндіруге тырысты. Алайда сот оның бұл уәждерін қабылдамады.
Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны дәрменсіз күйдегі кәмелетке толмаған баланы азаптау және аса қатыгездікпен кісі өлтіру баптары бойынша кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен ер адам төтенше қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған қаза тапқан қыздың анасына 5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеу міндеттелді.
Үкім жарияланғаннан кейін сотталушы өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған. Кейін оны конвой қызметкерлері сот залынан алып шықты.