Freedom Inside '26

Алакөлде адасып кеткен 8 жасар бала бір сағатқа жетпей табылды

Алакөлде адасып кеткен 8 жасар бала бір сағатқа жетпей табылды
oq.gov.kz

Алакөл жағалауында адасып кеткен сегіз жасар бала полиция қызметкерлері мен бейжай қарамаған тұрғындардың жедел әрекетінің арқасында бір сағатқа жетер-жетпес уақытта табылып, анасына аман-есен қайтарылды, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға демалыс кезінде болған. Бала анасына жағалауда қалып қойған аяқ киімін алып келетінін айтып, өздігінен кетіп қалған. Алайда арада біраз уақыт өтсе де оралмаған. Бағдарынан жаңылған ол басқа елді мекенге қарай кетіп қалған.

Осы сәтте баланы байқап қалған тұрғындар оны сабырға шақырып, полиция қызметкерлеріне тапсырған. Хабар түскен бойда полиция іздестіру жұмыстарын бастап, барлық патрульдік жасақтарға жедел бағдар берген.

Жедел жүргізілген іздеу нәтижесінде бала көп ұзамай табылып, анасына аман-есен жеткізілді. Оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнбегені анықталды.

Жетісу облысы Полиция департаменті ата-аналарды балаларды көпшілік демалатын орындарда қараусыз қалдырмауға шақырды. Ведомствоның мәліметінше, аз ғана уақыттың өзі қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін. Егер бала жоғалып кеткені байқалса, бірден полицияға хабарласу қажет.