Қазақстанда азаматтарға банк, мемлекеттік орган немесе қызмет көрсетуші компаниялардан келетін ресми қоңырауларды алаяқтардың хабарласуынан оңай ажыратуға мүмкіндік беретін жаңа жүйе енгізіледі, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, телекоммуникация саласындағы заңнамалық өзгерістер аясында ұялы байланыс желілерінде қоңырауларды арнайы таңбалау тетігі іске қосылады. Соның нәтижесінде телефон экранында қоңырау шалған ұйымның атауы көрсетіледі. Мәселен, экранда «Банк» немесе «Toyota Center» деген белгі пайда болады.
Вице-министрдің айтуынша, бұл жаңашылдық азаматтарға ресми қоңырауларды алаяқтардың жалған хабарласуынан оңай ажыратуға көмектесіп, телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алуға ықпал етеді.
Сонымен қатар жаңа заң аясында интернетке қол жеткізу, IP-телефония және транкингтік байланыс қызметтерін лицензиялау тәртібі енгізіледі. Бұдан бөлек, абоненттер байланыс операторларының жарнамалық және ақпараттық хабарламаларынан, автоматты қоңырауларынан бас тарта алады. Сондай-ақ ақылы байланыс қызметтерін қосу рәсімі де жаңартылады.
Телекоммуникация саласына қатысты заңнамалық өзгерістер биылғы тамыз айының соңында күшіне енеді.