Freedom Inside '26

Алаяқтардың арбауына түскен әйел пәтерін сатып жібере жаздады

Алаяқтардың арбауына түскен әйел пәтерін сатып жібере жаздады
gov.kz

Қостанай облысында полиция қызметкерлері интернет-алаяқтардың ықпалына түскен 54 жастағы Рудный қаласының тұрғынын ірі қаржылық шығыннан аман алып қалды, деп хабарлайды ult.kz.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, әйелге өзін жеткізу қызметінің өкілі ретінде таныстырған белгісіз адамдар қоңырау шалып, сәлемдемені рәсімдеу қажет екенін айтып, SMS арқылы келген құпия кодты сұратқан. Әйел кодты айтқаннан кейін алаяқтар бірнеше күн бойы онымен байланысып, түрлі психологиялық қысым көрсеткен.

Алаяқтардың ықпалына түскен тұрғын туыстарымен қарым-қатынасын үзіп, үйден шықпай, болған жағдайды ешкімге айтпаған. Оның бұл әрекеті жақындарының күдігін туғызып, олар полицияға хабарласқан.

Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер әйелдің тұрған жерін анықтап, оның алаяқтардың нұсқауымен құны шамамен 7 миллион теңге болатын пәтерін сату туралы келісім жасап қойғанын анықтады.

Полиция қызметкерлерінің дер кезінде араласуының арқасында мәміле тоқтатылып, әйелдің баспанасы сақталып қалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.