Қазақстандық танымал актриса Дариға Бадықова жеке өмірі мен өмірлік ұстанымдарын кеңінен баяндайтын деректі фильм түсіруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесінің айтуынша, көрермен экраннан көретін бейне оның шынайы болмысын толық аша алмайды. Сондықтан ол жұртшылыққа өзінің ішкі жан дүниесін, өмірге деген көзқарасын және қабылдаған маңызды шешімдерінің астарында не жатқанын көрсетуді қалайды.
Актриса кейбір ойлары көпшіліктің пікірінен өзгеше болуы мүмкін екенін айтып, сондықтан оларды әрдайым ашық айта бермейтінін жеткізді. Соған қарамастан, осы уақытқа дейін өмірде ұстанған қағидалары өзін адастырмағанын ерекше атап өтті.
«Мені бүгінгі күнге жеткізген – өмірлік принциптерім. Олар ешқашан жаман жолға жетелеген емес, керісінше өзімді жоғалтпай, өз болмысымды сақтап өмір сүруге үйретті», – деді ол.
Дариға Бадықованың сөзінше, бұл жоба өзін ақтау немесе жұрт алдында жағымды образ қалыптастыру үшін түсірілмейді. Керісінше, көрерменге экран сыртындағы шынайы адамды көрсету мақсат етілген.
«Бұл фильмде ешқандай рөл ойнамаймын. Өзімді әдемі етіп көрсетуге де, ақталуға да тырыспаймын. Тек экрандағы кейіпкердің артында қандай адам тұрғанын, қандай ойлармен өмір сүретінімді және неге дәл осындай шешімдер қабылдайтынымды шынайы түрде жеткізгім келеді», – деп түйіндеді актриса.