Танымал актер Әбілмансұр Серіковтің бұрынғы әйелі Фариза Бекібай әлеуметтік желідегі парақшасында балаларын қаржылай қамтамасыз етуге қатысты жазба жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша, бұрынғы күйеуінен алиментті тұрақты түрде алу қиын. Фариза Бекібай кейде бірнеше ай бойы төлем түспейтінін айтып, балалардың күнделікті қажеттіліктері негізінен өз мойнында екенін жеткізді.
«Алимент алу – қиынның қиыны. Бірде бар, бірде жоқ. Міне, төрт айдан бері алмадық. Өзі аудармаса, біз де сұрамаймыз. Балалардың емі, дәрі-дәрмегі, сабаққа киетін киімі – барлығы менің мойнымда», – деп жазды ол.
Фариза Бекібайдың сөзінше, балалары әкесінен тіпті ұсақ-түйек қажеттіліктеріне ақша сұраған кезде де көмек ала алмайды.
«Балам мың теңге сұраса да, “жоқ” дейді. Намыстанып, менен сұрама деп ұрысамын. Кейде менен тығылып сұрайды. Телефонынан көріп қоямын. Екеуі де өзіммен еріп келген балалар секілді», – деді ол.
Ол балаларды қамтамасыз ету тек ананың емес, әкенің де міндеті екенін атап өтті. Оның пікірінше, алиментпен қатар, балалардың киіміне, тамағына және ем-домына да әкесі тарапынан қаржылай қолдау көрсетілуі керек.
«Балаларды асырау оның да міндеті ғой. Мың теңге беріп, бір қалам алып бере алмайтын әкенің барынан жоғы деп ойлаймын. Басқа уақытта керемет киініп жүргенше, алиментін төлеп, балаларына киім-кешек алып, еміне дәрі-дәрмек пен тамағын әперсе ғой», – деп жазды Фариза Бекібай.
Сонымен қатар ол балаларының әкесімен бірге уақыт өткізуі де сирек екенін айтты. Оның сөзінше, үлкен баласын әкесі тек биыл жазда ғана қыдыртуға алып кеткен.
«Балаларды бір рет те қыдыртқан емес. Үлкенін тек осы жазда ғана алып кетті. Қалған уақытта біз қол жаймаймыз. Күніміз соған қарап қалмасын. Алла әділ», – деді ол.

Әбілмансұр Серіков кім?
Әбілмансұр Серіков – қазақ театр және кино өнерінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан актер. Ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.
Актер 1991 жылы 7 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. Өнерге жақын отбасында өскен Әбілмансұрдың әкесі – белгілі актер, әзілкеш, «Нысана» театрының жетекшісі Әбунасыр Серіков. Анасы – актриса Лиза Серікова.
Әбілмансұр Серіков кәсіби білімін Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының театр факультетінде алған. Ол аталған оқу орнын 2013 жылы тәмамдаған.
Оқуынан кейін актер Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының, сондай-ақ Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында өнер көрсетті.
Кино саласында да бірқатар есте қаларлық образдарды сомдаған актердің фильмографиясында «5:32», «Дос-Мұқасан», «Балалық шағымның аспаны», «Игрок», «Жибек», «Таңдау», «Алматы, я люблю тебя!» сынды фильмдер мен сериалдар бар.
Әсіресе «5:32» сериалындағы Шалқардың жас кезін бейнелеуі көрерменнің актерге деген қызығушылығын арттырды. Ал «Дос-Мұқасан» фильмінде қазақ музыкасының тарихында өзіндік орны бар танымал топтың өмірі мен шығармашылығын арқау еткен туындыда ойнады.
Әбілмансұр Серіковтің шығармашылық жолындағы айтулы рөлдерінің бірі – «Балалық шағымның аспаны» фильміндегі мектеп жасындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың, яғни Сұлтанның бейнесі.
Актердің еңбегі мемлекеттік деңгейде де бағаланып, 2020 жылы жастарға арналған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына ие болды.