"Әкімнің баласы": Арыста көлік апатынан екі аяғынан айырылған студенттің туыстары ел алдына шықты

"Әкімнің баласы": Арыста көлік апатынан екі аяғынан айырылған студенттің туыстары ел алдына шықты
zhasalash.kz

Арыс маңында болған ауыр жол апатынан кейін 20 жастағы студент Талғат Емел екі аяғынан айырылды. Жәбірленушінің туыстары такси жүргізушісінің Арыс қаласы әкімінің ұлы екенін білгеннен кейін істің әділ әрі ашық тергелуіне алаңдап отыр, деп хабарлайды ult.kz.

КТК телеарнасының жазуынша, жантүршігерлік жол апаты 29 мамырда Астана – Павлодар тасжолында болған. Сессиясын аяқтаған студент ата-анасының үйіне таксимен қайтып келе жатқанда, көлік апатқа ұшыраған.

Талғат ауыр жарақат алып, клиникалық өлім жағдайын бастан өткерген. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін екі аяғын да шап тұсына дейін кесуге мәжбүр болған.

Жәбірленушінің әпкесі Гүлсім Абайілдинованың айтуынша, бірнеше операция жасалғанына қарамастан, Талғаттың жағдайы әлі де ауыр.

"Қазіргі жағдайы нашар. Көптеген ота жасалды, екі аяғынан айырылды. Дәрігерлер сепсис басталғанын айтты. Жарасын бірнеше рет ашып, қайта тазалауға тура келген. Қан жоғалтқандықтан, ағзасының иммунитеті де әлсіреген", – деді ол.

Жүргізуші әкімнің ұлы болып шыққан

Екі қала арасында жолаушы тасымалдаған 22 жастағы такси жүргізушісінің Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың ұлы екені анықталған.

Осы жағдайдан кейін жәбірленушінің жақындары лауазымды тұлғаның байланыстары тергеу барысына ықпал етуі мүмкін деп қауіптеніп отыр.

"Әкім мемлекеттік қызметте отырғандықтан, әр жерде таныстары болуы мүмкін. Тергеуге немесе сотқа қысым жасап, таныстарын араластыра ма деп қорқамыз. Біз істің әділ қаралғанын қалаймыз", – деді Талғаттың әпкесі.

Арыс әкімі не деді?

Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев ұлының жол апатына қатысы барын растап, қызметтік өкілетін жеке мүддесі үшін пайдаланбайтынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, ұлы кәмелетке толған азамат және өз әрекеті үшін заң алдында өзі жауап береді.

"Мен ешқашан қызметтік өкілетімді жеке басымның мүддесі үшін пайдаланған емеспін және пайдаланбаймын. Осы іс бойынша тергеуге немесе қабылданатын процессуалдық шешімге ықпал етуге әрекет жасамағанымды және мұндай әрекетке бармайтынымды жауапкершілікпен мәлімдеймін. Заң алдында барлығы тең", – деді әкім.

Тергеу жалғасып жатыр

Жол апатына байланысты такси жүргізушісі күдікті ретінде ұсталған. Қазіргі уақытта іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында.

Тергеу жол қозғалысы ережесін бұзу салдарынан адамның денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіру бабы бойынша жүргізіліп жатыр.

Кінәсі дәлелденген жағдайда жүргізуші екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал Талғат Емелдің емі әлі жалғасып жатыр. Оның жақындары істің бұрмаланбай, заң аясында әділ қаралуын талап етуде.