Әкім орынбасарын 2,5 млн теңгеге алдағандар амнистиямен жазадан босатылды

Әкім орынбасарын 2,5 млн теңгеге алдағандар амнистиямен жазадан босатылды
istockphoto.com

Қарағандыда аудан әкімдерінің бірінің орынбасарын алдап, ақша иемденді деп айыпталған екі адамға қатысты сот үкімі шықты. Олардың бірі бойынша іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылса, екінші эпизод бойынша сотталушылар рақымшылыққа ілігіп, жазадан босатылды, деп хабарлайды ult.kz.

Қазыбек би аудандық сотының мәліметінше, оқиға 2025 жылдың желтоқсанында болған. Айыпталушылар өздерін ақпараттық порталдың қызметкерлері ретінде таныстырып, аудан әкімдігі туралы жағымсыз бейнеролик жарияланатынын айтып қорқытқан. Олар видеоны таратпау үшін аудан әкімі орынбасарынан ақша талап еткен.

Шенеунік олардың сөзіне сеніп, 2,5 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп, ақшаны берген.

Бір айдан кейін күдіктілер дәл осындай тәсілмен тағы ақша алмақ болған. Алайда бұл жолы оларды полиция қызметкерлері ұстаған.

Сот барысында айыпталушылар кінәларын мойындады. Олардың әрекеті жәбірленуші мен куәгерлердің жауаптарымен, сондай-ақ іс материалдарындағы дәлелдермен расталған.

Прокуратура бірінші эпизод бойынша тараптардың татуласуына байланысты істі тоқтатуды сұрады. Себебі келтірілген шығын толық өтеліп, жәбірленуші айыпталушыларды кешірген.

Ал екінші эпизод бойынша сот «бірнеше рет жасалған» деген саралау белгісін алып тастап, айыпты жеңіл бапқа қайта саралады. Соның нәтижесінде «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң негізінде екі сотталушы да жазадан босатылды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.