Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Әкелер одағы Қазақстанда энергетикалық сусындарға толық тыйым салуды ұсынады

Әкелер одағы Қазақстанда энергетикалық сусындарға толық тыйым салуды ұсынады
Atr.kz

Энергетикалық сусындар көптеген қазақстандықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Оны оқушылар, студенттер, жүргізушілер, кеңсе қызметкерлері және басқа да мамандық иелері шаршағанын басу, ұйқының қанбауы мен жоғары жүктемені еңсеру үшін тұтынады. Алайда қысқа уақытқа сергектік сыйлайтын мұндай сусындардың артында адам денсаулығына төнетін қауіптер болуы мүмкін. Бұл мәселеге қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше назар аудару қажет. «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, коммерциялық мақсатта импорттауға, көтерме және бөлшек саудада сатуға, соның ішінде интернет арқылы өткізу мен жеткізу қызметтеріне толық тыйым салуды ұсынды.

Қоғамдық бірлестік өкілдерінің пікірінше, қолданыстағы шектеулер мәселені толық шешпейді. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынды. Ал 2026 жылдан бастап бұл өнімдерге акциз енгізілді. Бұл шаралар нарықты реттеудегі белгілі бір қадам болғанымен, энергетикалық сусындардың ересек тұтынушылар денсаулығына ықтимал әсерін жоймайды.

«Бізді энергетикалық сусындарды тұрақты тұтынудың ұзақ мерзімді салдары қатты алаңдатады. Әңгіме бедеулік, қатерлі ісік, жас кезіндегі инфаркт және өмір сүру ұзақтығының қысқару қаупі туралы болып отыр», – делінген «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Күзембай Бекдайыр Нығметұлының бейнеүндеуінде.

Энергетикалық сусындар – жай ғана сергітетін сусын емес

Негізгі алаңдаушылық кофеин мен басқа да сергіткіш компоненттердің жоғары мөлшеріне байланысты. Ғылыми зерттеулер энергетикалық сусындарды тұтыну артериялық қысымның жоғарылауына және жүректің электрлік белсенділігінің өзгеруіне әкелуі мүмкін екенін көрсетеді.

Атап айтқанда, 2024 жылы Nutrition Reviews журналында жарияланған 17 рандомизацияланған зерттеудің мета-талдауы энергетикалық сусындарды тұтынғаннан кейін ересектердің қан қысымы көтерілетінін анықтаған.

Қант мөлшері де назар аударуды қажет етеді. Көлемі шамамен 400 мл болатын кейбір сусындардың бір құтысында 100 грамға жуық қосылған қант болуы мүмкін. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тәуліктік бос қант тұтыну мөлшерінен әлдеқайда жоғары. Қантты шамадан тыс әрі тұрақты тұтыну семіздік, зат алмасу бұзылыстары және қант диабеті қаупімен байланысты.

Ал «қантсыз» деген белгі сусын құрамындағы кофеин мен басқа да сергіткіш заттардың жоғары концентрациясына байланысты өзге ықтимал қауіптердің жоқ екенін білдірмейді.

Күнделікті әдетке айналудың қаупі

«Әкелер одағы» ересек тұрғындар арасында энергетикалық сусындарды тұрақты тұтыну әдетінің таралуына да алаңдаушылық білдіріп отыр.

Адам шаршағанын басу және ұйқының қанбағанын сездірмеу үшін энергетикалық сусын ішеді. Кофеин уақытша сергектік бергенімен, ұйқы сапасына кері әсер етуі мүмкін. Келесі күні шаршау қайта оралып, адам тағы да энергетикалық сусынға жүгінеді.

Осылайша, ағза толыққанды демалыстың орнына үнемі қосымша ынталандыру алып отыратын тұйық шеңбер қалыптасады.

Кофеинді тұрақты тұтыну оған деген төзімділіктің қалыптасуына әкелуі мүмкін. Ал оны тұтынуды тоқтатқан кезде бас ауруы, ұйқышылдық, ашушаңдық, шаршау және зейін қою қабілетінің төмендеуі байқалуы ықтимал.

«Қазір энергетикалық сусындарды 21 жастан бастап сатып алуға болады. Алайда кәмелетке толу кофеиннің ұйқы мен қан қысымына әсерін жоймайды. Акцизді көтеру сұранысты азайтуы мүмкін, бірақ сусынды зиянсыз етпейді. Жарнама мен кофеин мөлшеріне шектеу қою жекелеген қауіптерді төмендеткенімен, оларды толығымен жоймайды. Сондықтан біз толық тыйым салуды талап етеміз», – делінген петицияда.

Мәселе өскелең ұрпаққа да қатысты

Кәмелетке толмағандарға энергетикалық сусын сатуға заң жүзінде тыйым салынғанына қарамастан, мектеп оқушылары арасында оны тұтыну деңгейі қоғамды алаңдатып отыр.

2022 жылғы HBSC зерттеуінің деректеріне сәйкес, Қазақстандағы 11–15 жас аралығындағы сауалнамаға қатысқан оқушылардың 20,5 пайызы энергетикалық сусындарды апта сайын, ал 3 пайызы күн сайын тұтынған.

Бұл көрсеткіштер қолданыстағы шектеулердің сақталуын бақылаумен қатар, кешенді профилактикалық саясат жүргізу қажеттігін көрсетеді.

Ата-аналар үшін энергетикалық сусындар мәселесі тек тұтынушылық таңдау емес. Бұл – балалардың денсаулығы, дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастыру және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселесі.

Неліктен Әкелер одағы толық тыйым салуды талап етеді?

Қоғамдық бірлестік өкілдерінің пікірінше, энергетикалық сусындарға акциз енгізу арқылы бағасын көтеру және жасына қарай сатуға шектеу қою мәселені түбегейлі шешпейді.

Кофеиннің әсеріне ересектер де ұшырайды. Энергетикалық сусындарды тұрақты тұтыну ұйқыға және жүрек-қан тамырлары жүйесіне кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар жарнама мен жекелеген компоненттердің мөлшеріне шектеу қою барлық ықтимал қауіпті жоймайды.

Халықаралық тәжірибеде кейбір мемлекеттер энергетикалық сусындарға қатысты арнайы шектеулер енгізген. Атап айтқанда, Литва, Латвия, Польша және Норвегияда жас ерекшелігіне байланысты шектеулер қолданылады. Непалда энергетикалық сусындардың импортына шектеу енгізілген. Ал Қырғызстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу жоспарланған.

«Әкелер одағы» Қазақстан да акцизді көтеру мен жас шектеуін енгізумен шектелмей, реттеудің қатаң моделін қарастыруы қажет деп есептейді.

«Біздің ойымызша, бұл шаралар жеткіліксіз. Энергетикалық сусындар ересектердің денсаулығына да зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан біз Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, коммерциялық мақсатта импорттауға және сатуға толық тыйым салу туралы петицияны іске қосып отырмыз», – деп мәлімдеді бірлестік өкілдері.

Қандай шаралар ұсынылып отыр?

Қоғамдық бірлестік заңнамалық бастаманы әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс ұйымдастыруды ұсынып отыр. Атап айтқанда:

- энергетикалық сусындарды өндіруге және коммерциялық мақсатта импорттауға толық тыйым салу;
- оларды көтерме және бөлшек саудада, соның ішінде интернет-дүкендер мен жеткізу қызметтері арқылы сатуға тыйым салу;
- құрамында қант жоқ сусындар мен концентраттарды да қамтитын энергетикалық сусындарды жіктеудің нақты өлшемдерін әзірлеу;
- мұндай өнімдерді жарнамалауға, ілгерілетуге және әлеуметтік желілер арқылы қоса алғанда тегін таратуға тыйым салу;
- заңсыз айналым үшін жауапкершілік белгілеу және мемлекеттік бақылау тетіктерін әзірлеу;
- тиісті заң ресми жарияланғаннан кейін алты айдан аспайтын өтпелі кезең енгізу.