Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен видеода егде жастағы қазақстандық әйел көшеде қысқа киім киген бойжеткенге ескерту жасайды, деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша, «қазақтың қызына көшеде қысқа киіп жүру жараспайды». Әйел ұлттық құндылықтар мен қоғамдық әдепті алға тартып, мұндай киім үлгісі дұрыс емес екенін жеткізген.
Алайда бойжеткен өзіне бейтаныс адамның сырт келбетіне қатысты ескерту жасауға құқығы жоқ екенін айтып, өзі қазақ емес, корей ұлтынан екенін түсіндіреді. Соған қарамастан егде әйел қала ішінде мұндай ашық киіммен жүру орынсыз деген пікірінен қайтпайды.
Видео әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қоғам пікірін екіге бөлді. Бір топ қолданушы егде жастағы әйелдің сөзін қолдап, ұлттық тәрбие мен қоғамдық мәдениет мәселесін көтерсе, енді бірі әр адамның қалай киінетінін өзі шешуі тиіс екенін айтып, бойжеткенді жақтады. Олар бөтен адамның жеке таңдауына араласу дұрыс емес деп санайды.