Құрылтай депутаты Айдос Сарым депутаттардың Премьер-министрге сұрақ қоя алмайтыны туралы пікірдің шындыққа жанаспайтынын айтты. Сонымен қатар ол журналистердің депутаттарға сұрақ қою мүмкіндігі шектелмегенін айтып, бұл үшін түрлі мүмкіндік бар екенін атап өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Депутат бұл пікірді журналистің Қазақстанда сөз бостандығы шектеліп жатқаны туралы сұрақтарға жауап беру кезінде айтты.
Айдос Сарымның айтуынша, алдағы уақытта медиаға қатысты заң жобасы бойынша жұмыс басталады. Оның аясында онлайн платформаларға қатысты мәселелермен қатар, басқа да маңызды тақырыптар талқыланбақ.
«Оған белсенді араласу керек. Кулуарда ғана емес, далада да ұстап жатыр әріптестеріңіз. Телефонымды білесіздер. Біз 100 пайыз ашық адамдармыз. Қаншама адам телефонмен хабарласып, сұхбат алып жатыр. Парламенттің алдында, далада да сұхбат беріп жатырмыз. Мүмкіндіктердің бәрі бар», – деді депутат.
Ол депутаттардың Премьер-министрге сұрақ қоя алмайтыны туралы пікірдің регламентті дұрыс түсінбеуден туындағанын атап өтті.
«Олар біздің регламентті дұрыс оқымаған, дұрыс түсінбеген. Біріншіден, бізде жылына бір рет болатын форматтар бар. Мысалы, Конституциялық соттың төрағасы жылына бір рет келіп, бізге есеп береді. Формат бойынша депутаттар оған сұрақ қоймайды, тек ақпаратын қабылдайды. Бұл да жылына бір рет болатын премьер-министрдің форматы», – деді Сарым.
Депутаттың түсіндіруінше, бұл Премьер-министрге сұрақ қоюға мүмкіндік жоқ дегенді білдірмейді. Үкімет басшысы Парламентке бюджет мәселесін қорғау, есеп беру немесе басқа да жұмыстар аясында келе алады. Сондай-ақ депутаттар Премьер-министрге депутаттық сауал жолдай алады.
Сарым өткен шақырылымдаПпремьер-министрдің «Amanat» партиясының фракциясына жылына бірнеше рет келгенін мысалға келтірді.
«Сол кезде ащы, кез келген сұрақтар қойылып жататын», – деді ол.
Айдос Сарым қазіргі заңнама мен жаңа Конституцияға сәйкес депутаттардың Премьер-министрге сұрақ қою мүмкіндігі сақталатынын атап өтті.
«Депутаттар Премьер-министрге сұрақ қоя алады, сұрақтарын қоюды жалғастыра береді. Депутаттық сауалдар арқылы, бюджетке қатысты мәселелерде, есеп беріп жатқан кезде. Бізде парламенттік тыңдау деген формат бар. Үкімет сағаттары болып жатыр. Соның кез келгенінде депутаттар сұрақ қоя алады», – деді депутат.
Сонымен қатар ол журналистерге депутаттармен байланысуға мүмкіндік бар екенін айтып, партиялардың баспасөз қызметтері арқылы да сұрақ қоюға болатынын жеткізді.