Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Аида Балаева қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісетінін мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы ол донорлық тақырыбына арналған деректі фильмді көргеннен кейін Facebook парақшасында жазды.
Балаеваның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда 4 739 адам трансплантация кезегінде тұр, олардың 125-і – балалар. Сонымен қатар елімізде жасалатын ағза алмастыру операцияларының шамамен 90%-ы тірі туыстық донорлардың көмегімен жүзеге асады. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10%-дан да аз.
Министрдің сөзінше, донор тапшылығы салдарынан көптеген науқас ұзақ уақыт бойы өз кезегін күтуге мәжбүр. Сондықтан қоғамда ағза донорлығы туралы дұрыс түсінік қалыптастырып, бұл мәселе жөнінде ашық әңгіме жүргізу маңызды.
«Егер бір күні жақындарымның алдында осындай таңдау тұрса, олардың өмір сүруге үміті үзілмеген жандарға мүмкіндік берудің қаншалықты маңызды екенін түсінгенін қалар едім. Жауапкершілікпен мәлімдеймін, мен қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісімімді беремін», – деп жазды Аида Балаева.
Ол қайтыс болғаннан кейін донор болу немесе болмау туралы шешім әр адамның жеке еркіне байланысты екенін атап өтті. Министрдің айтуынша, мұндай таңдауға құрметпен қарау қажет, ал қоғамның міндеті – адамдарға ағза донорлығының маңызы мен оның өзгелердің өмірін сақтап қалудағы рөлін жан-жақты түсіндіру.
Донор тапшылығы – мыңдаған науқастың мәселесі
Қазақстанда азаматтар қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға келісімін немесе қарсылығын eGov порталы арқылы алдын ала тіркей алады. Алайда мамандардың айтуынша, көптеген жағдайда марқұмның туыстары келісім бермейтіндіктен, әлеуетті донорлардың ағзасы пайдаланылмай қалады.
Бір донор бірнеше адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін
Дәрігерлердің айтуынша, бір донордың жүрегі, бауыры, бүйрегі, өкпесі және өзге де ағзалары бірнеше науқасқа трансплантацияланып, олардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Сондықтан мамандар қоғамда ағза донорлығының маңызын түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, бұл мәселеге қатысты дұрыс көзқарас қалыптастыру қажет екенін атап өтеді.