АИ-95 орнына АИ-92: Бензин сапасына бақылау күшейеді

АИ-95 орнына АИ-92: Бензин сапасына бақылау күшейеді
ашық дереккөз

Құрылтай депутаты Асхат Рахимжанов сапасыз жанармайдан көлігі бүлінген азаматтардың шығынын өтеу тетігін енгізуді ұсынды. Бұл туралы ол Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Депутаттың сөзінше, соңғы уақытта АИ-95 және АИ-98 бензинінің сапасына қатысты шағым көбейген. Кейбір жүргізушілер жанармай құйғаннан кейін көлігінің қымбат бөлшектері істен шығып, жөндеуге 200–600 мың теңге жұмсауға мәжбүр болған.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің мәліметінше, 2026 жылы жүргізілген бақылау барысында жанармайды алмастыру фактілері анықталған. Мәселен, Алматыда АИ-100 ретінде сатылған өнімдегі күкірт мөлшері нормадан үш еседен астам жоғары болған. Ал Қызылорда облысында АИ-95 маркасымен АИ-92 бензині сатылған.

Осыған байланысты депутат жанармай сапасын бақылауды күшейтуді ұсынды. Оның бастамаларының бірі – жанармай бекеттерінде QR-код енгізу. Ол арқылы тұтынушы өнімнің қайдан келгенін және зертханалық тексеру нәтижесін сатып алғанға дейін көре алуы керек.

Сондай-ақ депутат сапасыз жанармайдан көлігі бүлінген азаматтардың шығынын өтеудің нақты тетігін енгізуді ұсынды. Бұл ретте жанармай сапасы мен көлікке келген залал арасындағы байланысты дәлелдеуді жеңілдету көзделіп отыр.

Рахимжановтың айтуынша, жанармай сапасына бақылау тек зауыттан шыққан кезде емес, өнім тұтынушыға жеткенге дейінгі барлық кезеңде жүргізілуі қажет.