Қазақстанда соңғы бірнеше жылдағы ең үлкен саяси бәсеке басталды. Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқанының шымылдығы түрілді. «Әділет» партиясы да бұл бәйгеге үлкен дайындықпен кірісті: еліміздің әр түкпірінде 20 аймақтық, 226 аумақтық штабын құрып, 30 мыңға жуық сенімді өкілін аттандырды, деп хабарлайды Ult.kz.
Бүгін республикалық сайлауалды штабтың ашылуында партия төрағасы Айбек Дадебай
Штаб жұмысын ашқан Айбек Дәдебай партия дайындық кезеңін аяқтап, енді еліміздің барлық өңірінде сайлаушылармен белсенді жұмысқа кірісетінін айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформалары елімізде түбегейлі, оң өзгерістерге жол ашып, Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдей түсті. Биылғы жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция саяси жүйеміздің жаңа архитектурасын қалыптастырып, мемлекеттілігімізді нығайта түсуге кепілдік болып отыр. Конституциялық құндылықтар – «Әділет» партиясының да негізі, өзегі. Біз – елдегі ауқымды жаңғыру кезеңінде дүниеге келген жаңа форматтағы партиямыз. Біздің саяси күшіміз Қазақстанмен бірге өсіп, бірге дамып келеді. Біз өз болашағымызды да, балаларымыз бен немерелеріміздің болашағын да Қазақстанмен байланыстырамыз. Сондықтан мемлекеттің одан әрі дамуына деген жауапкершілігімізді терең сезінеміз. Әр азаматтың үнін естіп, халықтың сұранысы мен қоғамның қажеттілігін, елдің таңдауын негізге ала отырып жұмыс істеуге дайынбыз. Өйткені дәл осы құндылықтар Қазақстанның келешек дамуының берік іргетасына айналуы тиіс», - деді партия төрағасы.
Партия кейін ресми сайтында «Әділетті болашақ үшін» деп аталған бағдарламасын жария етті. Халықтың басты мәселелерін қозғап, жұрттың жағдайы мен елдің ертеңін сөз еткен бағдарламада жеті стратегиялық мақсат пен он негізгі басымдық белгіленген. Бағдарламаның өзегін - «Заң мен тәртіп», «Тиімді институттар», «Күшті өңір – қуатты мемлекет», «Цифрлық мемлекет», «Әділетті әрі бәсекелі экономика», «Әлеуметтік жауапкершілік пен атаулы қолдау» және «Адам капиталына инвестиция» сияқты бағыттар қамтиды.
Уәде беру оңай, бірақ партия азаматтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін түйткілдерді қалай шешкелі отыр, талдап көрелік.
Тұрғын үй: «Өз үйім – өлең төсегім» дей аламыз ба?
Қазақтың шері де, зары да – баспана. Тұрғын үй мәселесін шешпейінше, әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісім туралы сөз қозғау да бос әурешілік. «Әділет» партиясы осы мәселені түбегейлі шешуді өз мойнына алып отыр. Жан басына шаққанда тарлық ететін пәтер көлемін ұлғайтуды міндетіне алды.
«30м². Әр отбасыға барынша жайлы тұрғын үй жағдайы жасалсын. Біздің бірінші мақсатымыз – Қазақстанның әр азаматына орта есеппен 30 шаршы метр тұрғын үй болсын дейміз. Еліміздің тұрғын үй қоры озық қарқынмен өсе бермек, ондаған мың отбасы тозған, құлағалы тұрған үйлерден көшіріледі, қиындыққа тап болған үлестік құрылыс нысандарының бәрі аяқталады», - деп жазылған бағдарламада.
Біз сарапшы, Қазақстан қоғамдық даму институтының «MediaLab» Орталығының басшысы Жақсыбек Жиеналиевтен осы мәселеге қатысты пікір сұрап, елдегі тұрғын үйге қатысты қазіргі жағдайға баға беруін, сондай-ақ, «Әділет» көздеп отырған мақсаттың қаншалықты орындалуы мүмкін екенін сұрады.
«Баспана әр отбасының қауіпсіздігі, тұрақтылығы, балалардың болашағы және ертеңгі күнге деген сенім. Соңғы үш жылда мемлекет 30 453 жалдамалы пәтер беріп, 23 818 жеңілдетілген тұрғын үй несиесін рәсімдеген. Барлығы шамамен 54 мың отбасы ғана баспанамен қамтылды. Бұл көрсеткішті кезекте тұрған азаматтардың санымен салыстырсақ, қазіргі қарқынның жеткіліксіз екені анық көрінеді. Сонымен қатар тұрғын үй мен жалдау ақысының бағасы көптеген отбасының табысынан жылдамырақ өсуде. Соңғы бес жылда медианалық жалақы 122,5%-ға артқанымен, көптеген өңірлерде тұрғын үй бағасы мен жалдау құны одан да жоғары қарқынмен қымбаттады. Сондықтан тұрақты табысы бар отбасылардың өзі баспаналы болуды кейінге қалдыруға мәжбүр.
Тағы бір маңызды көрсеткіш – тұрғын үймен қамтамасыз етілу деңгейі. Қазақстанда бір адамға орта есеппен 21 шаршы метр тұрғын үйден келеді. Ал дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш 38–66 шаршы метрдің аралығында. Бұл елімізде тұрғын үй қорын ұлғайтуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға әлі де үлкен мүмкіндік бар екенін көрсетеді», – деді ол.
Сарапшының сөзінше, кез келген мемлекеттік бағдарламаның нәтижесі қарапайым әрі түсінікті көрсеткіштермен бағалануы керек.
«Жыл сайын ел бойынша және әр өңірде тұрғын үй немесе тұрғын үй көмегін алған азаматтардың үлесін жалпы кезектегі адамдар санына қатысты жариялап отыру. Осындай бірыңғай көрсеткіш тұрғын үй саясатының қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқанын қоғамға ашық бағалауға мүмкіндік береді. Тұрғын үй саясаты ең алдымен халықтың нақты қажеттілігіне негізделуі тиіс. Қаржыландыру көлемі, құрылыс қарқыны және мемлекеттік қолдау тұрғын үйге мұқтаж адамдардың санына тікелей байланысты болғанда ғана әлеуметтік саясат тиімді әрі әділ болады. Мұндай тәсіл тұрғын үй кезегін біртіндеп қысқартып, отбасылардың өмір сапасын жақсартуға және азаматтардың мемлекеттік бағдарламаларға деген сенімін арттырады», – дейді ол.
Сондай-ақ, «Әділет» партиясы банкке шапқылап, қағаз жинаудан шаршаған халық үшін ипотека рәсімдеу процесі толықтай цифрлық жүйеге көшіруге уәде берді. Бағдарламадағы ең қызық жаңалықтың бірі – «арендамен сатып алу» механизмі болып отыр. Бұл жүйе бойынша азаматтың ай сайын төлейтін жалдау ақысының бір бөлігі кейін үйдің өзіндік құнына есептеліп отырады.
Ауыл тағдыры – ел тағдыры: ауылдық жерлерді жаңғырту
Ауыл – ұлттың бесігі, руханияттың қайнар көзі, ата-баба аманаты. Бірақ бүгінде ауылдағы ағайынның жағдайы қаладағымен салыстыруға келмейді. Партия ұстанымы анық: ауыл адамы да сапалы білім мен медицинаға, заманауи инфрақұрылымға теңдей қол жеткізуі тиіс.
Осы мақсатта ауыл халқының 90 пайызы қоныстанған 3,5 мың тірек және спутниктік елді мекен қайта жаңғыртылады. Ауылдардың заманауи инфрақұрылымы дәл осы елді мекендердің негізінде қалыптасады.

Бағдарламада ауылдық елді мекендерді жылдам интернетпен қамтамасыз ету, тозығы жеткен ауыз су жүйелерін жаңарту, электр желілерінің тұрақты жұмысын орнату және тас жолдардың сапасын жақсарту міндеттелген.
Ауылға тек аграрлық сектор ретінде қарау дұрыс емес. Сондықтан агротуризм, қызмет көрсету саласы, қолөнер мен цифрлық жұмыс орындарын ашу арқылы ауыл экономикасын түзету ұсынылды. Ауылға барған мұғалім, дәрігер мен өзге де білікті мамандарға берілетін әлеуметтік қолдау мен баспана мәселесін шешу шаралары ұлт болашағына салынған инвестиция десек артық айтқандық емес.
Бизнес және еңбек нарығы: миллион мүмкіндік
Шағын және орта бизнес – кез келген мемлекеттің берік діңгегі. Партия бағдарламасынан байқағанымыздай, орта бизнестің экономикадағы үлесін қазіргі мардымсыз 7 пайыздан 20 пайызға арттыру көзделген. Сонымен бірге, бизнесті негізсіз тексеруден қорғау, бюрократиялық бөгеттерді жою, экономикалық дауларды азаматтық-құқықтық тәртіппен шешу арқылы кәсіпкердің иығынан әкімшілік жүкті алып тастау міндеттеліп отыр. Мемлекеттік қолдау да енді өндірісін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын аша алатын нақты кәсіпорындарға берілмек.
Бағдарламада 2031 жылға дейін елде кемінде 1 миллион сапалы жұмыс орнын құру міндеті қойылған. Өңір әкімдерінің жұмысы енді жалаң есеппен емес, әр 10 мың тұрғынға жыл сайын кемінде 100 сапалы жұмыс орнын ашу көрсеткішімен бағаланатын болады. Еңбек нарығын цифрландыру арқылы азаматтардың тәжірибесі мен қабілетіне сай бос жұмыс орындарын автоматты түрде тауып беретін жүйе құру ұсынылып отыр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту үшін белгіленген квоталардың аты ғана емес, заты орындалуы тиіс.
Әлеуметтік қорғау: көмек шын мұқтажға жетуі тиіс
«Әділет» партиясы әлеуметтік саясатта ақшаны оңды-солды шашудан арылып, атаулы қолдау қағидатын ұсынған. Қолдау жүйесі адамды масылдыққа емес, қоғамдағы белсенділігін күшейтуге бағытталуы керек. Партия инклюзия саласында төңкеріс жасағысы келіп отыр. Енді «жеке әлеуметтік ваучерлер» енгізіледі. Бұл қағида бойынша мемлекет бөлетін қаражат қызмет көрсетуші мекемеге емес, нақты мұқтаж азаматтың өзіне беріледі және ол қызметті қай жерден алуды өзі таңдайды.
Ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналары үшін «бір терезе» қағидаты ұсынылған. Диагностикадан бастап оңалтуға дейінгі барлық процесті бір жерден алу әбігерге түскен аналардың жүгін жеңілдетпек.
Білім мен денсаулық: адам капиталына салынған инвестиция
Қазір қолында дипломы бар, бірақ қолынан іс келмейтін мамандар заманы өтті. Білім жүйесі нақты нарыққа қажетті кадрларды даярлауға көшуі тиіс.
2028 жылға дейін балабақша кезегінде тұрған 2-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді толық қамту, ал 2031 жылға дейін 300 мың жаңа оқушы орнын салу межеленген. Ауылдық тірек мектептер желісін құрумен қатар, жаратылыстану, инженерлік және IT бағытын дамыту үшін өңірлерде STEM-сыныптар ашылмақ. Колледждердегі дуалды оқытуды 45 пайызға жеткізіп, студенттерді тікелей өндіріс орындарында тәжірибеден өткізу көзделген.

Партия денсаулық сақтау салысына да өзіндік өзгеріс енгізбек. Жүрек-қан тамыры ауруларының алдын алу, кардиологиялық оңалту, электронды денсаулық паспортын дамыту және ана мен бала денсаулығын қорғауды назарына алып отыр. Жыл сайын 40 мың жасты жұмыспен қамту, жас кәсіпкерлерге гранттар беру және жұмыс істейтін жастарға арналған өңірлік ипотекалық бағдарламаларды дамыту ұсынылды.
«Әділет» партиясының «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасы жалаң уәде мен құрғақ сөздің жиынтығындай көрінбейді. Партия ұлттың жанына батқан әлеуметтік «сыздауықтарды» емдеуге білек сыбана кірісетінін мәлімдеп отыр. Әрине, қағаз бетіндегі айшықты сөздердің нақты іске айналуы үшін уақыт сынынан, халықтың таразысынан өтуі керек. Дегенмен, бастаманың түпкі мақсаты айқын: шын мұқтажға қолдау көрсетіп, әрбір қазақстандықтың өз елінде еңсесін тік ұстап өмір сүруін қамтамасыз ету.
Сайлауалды бағдарламаның толық мәтінін "Әділет" партиясының сайтынан оқи аласыздар.
Дайындаған: «Әділет» партиясының баспасөз қызметі. «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді. Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.