Freedom Inside '26

Адам саудасының жаңа түрлері көбейіп барады: ІІМ дабыл қақты

Адам саудасының жаңа түрлері көбейіп барады: ІІМ дабыл қақты
Хромтау ауданы әкімдігі

Жыл басынан бері Қазақстанда адам саудасына байланысты 72 қылмыс тіркелді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ult.kz.

Министрлік дерегінше, қазіргі таңда адам саудасының дәстүрлі түрлерімен қатар жаңа тәсілдері де кең таралып келеді. Атап айтқанда, азаматтарды мәжбүрлі еңбекке тарту, қайыршылық жасауға мәжбүрлеу, сексуалдық қанау және адам ағзаларын заңсыз алу фактілерімен бірге, адамдарды кибералаяқтық пен өзге де қылмыстық әрекеттерге тарту жағдайлары көбейген.

– Жыл басынан бері ішкі істер органдары адам саудасына байланысты 72 қылмысты анықтады. Көмек көрсету үшін адам саудасының 15 құрбаны әлеуметтік қызметтерге жолданды, – делінген ведомство хабарламасында.

Отырыс барысында адам саудасының алдын алу және оны анықтау тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және жәбірленушілерге көрсетілетін көмекті жетілдіру алдағы кезеңнің басым бағыттары ретінде белгіленді.

Мамандардың айтуынша, адам саудасы бүгінде тек дәстүрлі қанау түрлерімен шектелмейді. Сондықтан азаматтарға күмәнді жұмыс ұсыныстары мен заңсыз табыс көздерінен сақ болу ұсынылады.