Адам қайтыс болғанда неге айнаның бетін жабады?

Адам қайтыс болғанда неге айнаның бетін жабады?
Айна. Көрнекі фото: unsplash

Қазақ қоғамында адам қайтыс болған үйде айнаның бетін жабу дәстүрі жиі кездеседі. Көпшілік мұны ескі ырым ретінде қабылдағанымен, дін өкілдері оның белгілі бір түсіндірмелері бар екенін айтады, деп ult.kz тілшісі Malim.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Хасан Аманқұл "Мұнара" газетінде жарияланған мақаласында бұл әдеттің бірнеше себебіне тоқталған.

Біріншіден, кейбір мұсылмандар айнадағы бейнені де суретке ұқсас нәрсе ретінде қабылдайды. Исламда үй ішінде суреттерді шамадан тыс орналастырмауға қатысты түсініктер бар. Осыған байланысты мәйіт жатқан бөлмедегі айнаны жабу да орынды амал ретінде қарастырылады.

Екіншіден, марқұм жатқан бөлмеде Құран оқылып, зікір мен дұға жасалуы мүмкін. Мұндай кезде адамның назарын басқа нәрсеге бұратын заттардың аз болғаны дұрыс деп есептеледі. Айнадағы бейне құлшылық кезінде көңілді бөлуі ықтимал.

Үшіншіден, айнаны жабудың тағы бір мәні – үйге кірген адамды күнделікті тіршіліктен алыстатып, өмірдің өткіншілігін еске салу. Яғни мұндай ортада адамның назары сыртқы келбетке емес, өлімнен ғибрат алуға және ақыретті ойлауға бағытталғаны жөн.

Төртіншіден, адам айнаға қарағанда әдетте өз бейнесіне, киіміне, бет-әлпетіне немесе басқа да сыртқы ерекшеліктеріне назар аударады. Қайғылы жағдай болған үйде мұндай әрекет орынсыз көрінуі мүмкін.

Дін өкілдері адам қайтыс болған бөлмедегі айнаның бетін жабу шариғатқа қайшы әрекет емес екенін айтады. Сонымен қатар мұның психологиялық жағы да бар.

«Адам баласы айнаға әр қараған кезде осы айна арқылы көрген бұрынғы кейіптер жадына түсе бастайды. Ал қараңғы уақытта немесе кенет қараған кезде айнада көрген бейнеден адам шошып қалуы мүмкін. Әлбетте мұндай жағдайлардың адам психикасына кері әсер тигізетіні анық. Сондықтан қайтыс болған адам (мәйіт) жатқан бөлмедегі айнаның бетін жабу – құптарлық іс әрі шариғатқа қайшы емес», – делінген ҚМДБ таратқан түсіндірмеде.