2026 жылғы 8 тамызда сағат 22:05-те Абай облысындағы «Орловская» шахтасының 10-горизонтында түтін шыққаны анықталды, деп хабарлайды ult.kz.
Kaz Minerals компаниясының хабарлауынша, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес, түнгі ауысымда жұмыс істеген қызметкерлер жер бетіне эвакуацияланды. Шахтадағы тау-кен қазбаларын тексеріп, түтінді жою жұмыстарына тау-кен құтқару қызметі тартылды.
Тексеру барысында өрт ошағы Monomatic бұрғылау қондырғысы орналасқан аумақта болғаны анықталды. Түтін оперативті түрде жойылды. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Бұрғылау қондырғысы зақымданған. Алдын ала мәлімет бойынша, түтіннің шығуына электр кабелінің зақымдануы себеп болуы мүмкін.
Қазір оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Шахта штаттық режимде жұмыс істеп тұр.