Абай облысында құны 67 млн АҚШ долларын құрайтын ірі индустриялық-экологиялық ағаш өңдеу паркі бой көтереді. Жоба өрттен зардап шеккен және санитарлық кесуге жататын ағаштарды тиімді өңдеуге, қалдықсыз өндіріс қалыптастыруға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды ult.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Жоба аясында Семей қаласында 50 гектар аумақта толық циклді ағаш өңдеу паркі, ал Бородулиха ауданындағы Михайловка ауылында 4 гектар жерге ағашты бастапқы өңдеу кешені салынады.
Семейдегі өндіріс жылына 2 млн текше метрге дейін ағаш шикізатын өңдеп, 800–900 мың текше метр дайын өнім шығаруға қауқарлы болады. Кешен құрамында MDF, OSB және FOSB тақталарын шығаратын зауыттар, жиһаз өндірісі, ағаш пеллеттері мен биоотын, органикалық тыңайтқыш өндіретін кәсіпорындар, сондай-ақ құрылыс-логистикалық орталық жұмыс істейді.
Ал Бородулиха ауданындағы кешенде жылына 500 мың текше метрге дейін ағаш өңделіп, 120–150 мың тонна ағаш пеллеті өндіріледі. Мұнда ағашты қабылдау, сұрыптау, аралау, кептіру және терең өңдеуге дайындау жұмыстары жүргізіліп, кейін шикізат Семейдегі негізгі өндіріс алаңына жөнелтіледі.
Жоба толық іске қосылғанда 900-ге дейін тұрақты жұмыс орны ашылады. Өндірілген өнім ішкі нарықпен қатар Орталық Азия, Еуропа, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа да халықаралық нарықтарға экспортталмақ.
Кәсіпорынды 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жоба өңірде ағаш өңдеу саласын дамытуға, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және жоғары қосылған құны бар экспортқа бағдарланған өнім өндірісін жолға қоюға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, биыл Абай облысында жалпы құны 131,2 млрд теңгені құрайтын 41 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Нәтижесінде 3263 жаңа жұмыс орны ашылады. Жыл басынан бері өңірде 34,62 млрд теңгелік 14 жоба пайдалануға беріліп, 598 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.