23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні. Бұл күн мемлекеттік басқару жүйесінде еңбек етіп жүрген мыңдаған маманның кәсіби мерекесі. Қоғамда мемлекеттік қызмет туралы түрлі пікір қалыптасқанымен, ресми статистика бұл саланың қазіргі келбетін басқа қырынан көрсетеді, деп хабарлайды ult.kz.
Бүгінде Қазақстанда 84 мыңнан астам мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Олар министрліктер мен әкімдіктерде, аудандық бөлімдер мен ауылдық округтерде, түрлі мемлекеттік органдарда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты шешімдерді әзірлеуге және іске асыруға қатысады.
Статистикаға сүйенсек, қазақстандық мемлекеттік қызметшінің орташа жасы – 40 жас. Бұл мемлекеттік аппаратта тәжірибелі мамандармен қатар жас кадрлардың да белсенді жұмыс істеп жатқанын аңғартады. Қызметкерлердің үштен бірінен астамын жастар құрайды.
Қазіргі мемлекеттік қызметтің тағы бір ерекшелігі – әйелдердің белсенділігі. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің деректері бойынша, мемлекеттік қызметшілердің 55 пайыздан астамы әйелдер. Яғни бүгінгі таңда әрбір екінші мемлекеттік қызметші – әйел адам. Оның үстіне әйелдер тек орындаушы қызметтерде ғана емес, басқарушы лауазымдарда да еңбек етіп жүр. Ел бойынша басшылық қызметтердің шамамен 39 пайызын әйелдер атқарады.
Соңғы жылдары мемлекеттік қызмет жүйесінде жас басшылардың қатары да көбейіп келеді. Мысалы, Қазақстандағы ең жас әкімдердің бірі небәрі 27 жасында ауылдық округті басқаруға кіріскен.
Мемлекеттік қызметтің басты ерекшеліктерінің бірі – тұрақтылық пен тәжірибе сабақтастығы. Қызметкерлердің орташа еңбек өтілі 12 жылды құрайды. Ал кейбір мамандар бұл салаға бүкіл ғұмырын арнап, 30-40 жылдан астам уақыт бойы мемлекет қызметінде еңбек етіп келеді. Осындай тәжірибелі кадрлар жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, мемлекеттік басқару жүйесіндегі кәсіби мәдениеттің сақталуына үлес қосуда.
Соңғы жылдары мемлекеттік аппаратты жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Қағаз құжат айналымы қысқарып, көптеген қызметтер цифрлық форматқа көшірілді. Электронды үкімет, онлайн қызмет көрсету жүйелері және жасанды интеллект элементтерін енгізу мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Әрине, мемлекеттік қызмет – сырт көзге көріне бермейтін жауапкершілігі жоғары сала. Күн сайын мыңдаған маман азаматтардың өтініштерін қарап, мемлекеттік бағдарламаларды іске асырып, өңірлердің дамуына қатысты мәселелерді шешумен айналысады.
23 маусым – осы еңбектің бағаланатын күні. Мемлекеттік қызметшілер күні қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтып жүрген мамандардың еңбегіне құрмет көрсетудің тағы бір мүмкіндігі болып табылады.