8 жыл бойы іздеуде болған қарақшы фоторобот арқылы ұсталды

8 жыл бойы іздеуде болған қарақшы фоторобот арқылы ұсталды
ашық дереккөз

Жамбыл облысының полицейлері сегіз жыл бұрын жасалған қарақшылық қылмыстың бетін ашты. Қылмысқа қатысы бар 41 жастағы ер адам қолға түсті, деп хабарлайды ult.kz.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2018 жылы Меркі ауданындағы автожолдардың бірінде белгісіз ер адам әйелге шабуыл жасаған. Қаскөй жәбірленушіні күш қолданып ұрып-соғып, оның алтын әшекейлерін тартып алып, оқиға орнынан ізін суытқан.

Оқиғадан кейін полиция жедел-іздестіру және тергеу жұмыстарын бастаған. Жәбірленушінің сипаттамасы негізінде күдіктінің фотороботы жасалғанымен, сол кезде оның жеке басын анықтау мүмкін болмаған. Алайда істі ашу жұмыстары тоқтатылмаған.

Арада сегіз жыл өткен соң ашылмаған қылмыстар қайта тексеріліп, полицейлер фотороботтағы адамды таныған. Жүргізілген жедел шаралар нәтижесінде күдіктінің кім екені анықталып, оның жүрген жері белгіленді.

Прокуратураның үйлестіруімен полиция 41 жастағы ер адамды ұстады. Қазір аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192-бабы 1-бөлігі («Қарақшылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қарағандыда қарақшылық шабуыл мен ұрлық жасады деген күдікпен ер адамның ұсталғаны хабарланған болатын.