Оқу-ағарту министрлігі 2026–2027 оқу жылына арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің тізбесін бекіту және білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Министрліктің мәліметінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес барлық оқулықтарға қосымша сараптама жүргізілген. Бұл жұмыстар оқулықтардың сапасын арттыру мақсатында қолға алынған және Үкіметтің ерекше бақылауында.
Бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қосымша тексеру барысында мектеп оқулықтарынан 700-ден астам ескерту мен қателік анықталғанын мәлімдеген болатын. Осыған байланысты оқулықтарды бекітпес бұрын оларды толықтыру және жетілдіру туралы шешім қабылданды.
Қазір баспалар мен сарапшылар анықталған кемшіліктерді түзету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Министрлік қосымша уақыт оқулықтардың сапасын толық қамтамасыз ету үшін қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар жаңа оқу жылына дайындық аясында оқулықтарды сатып алу жұмыстары жоспарлы түрде жалғасуда. 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3-сыныпқа арналған «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Математика», «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу», «Музыка» пәндерінің, сондай-ақ 7-сыныпқа арналған «Дүниежүзі тарихы» оқулықтарының жеткізілуі жоспарланған.
Оқулықтарды іріктеу Etandau.gov.kz электрондық платформасы арқылы жүргізілген. Оның нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар қажетті өтінімдерді қалыптастырып, баспаларға жолдаған. Сондай-ақ өңірлерде оқушылар санының артуы мен кітапхана қорын жаңарту қажеттілігіне байланысты қосымша сатып алу жұмыстары да жүргізілуде.
Министрлік мәліметінше, оқулықтарды жаңарту кезең-кезеңімен жалғасады. 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9-сыныптардың, ал 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8-сыныптың оқулықтарын жаңарту жоспарланған.
Ведомство оқушыларды жаңа оқу жылына сапалы әрі заманауи оқулықтармен уақытылы қамтамасыз ету үшін барлық қажетті жұмыстар жалғасып жатқанын мәлімдеді.