Атырауда өз баласына ұзақ уақыт алимент төлемей келген ер адам 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.
Сот үкіміне сәйкес, ол 7 миллион теңгеден астам алимент берешегін өтеуге міндеттелді.
Қазіргі уақытта сотталған азамат Атырау қалалық пробация қызметінің есебіне алынып, сот жүктеген міндеттердің орындалуы бақылауға алынған. Пробация қызметкерлері онымен профилактикалық әңгіме жүргізіп, заң талаптарын сақтау, алимент қарызын өтеу және қайта құқық бұзушылыққа жол бермеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мамандардың айтуынша, алимент төлеу – тек қаржылық міндет қана емес, әрбір ата-ананың баласы алдындағы заңмен бекітілген әрі адамгершілік жауапкершілігі. Алименттен жалтару әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеліп қана қоймай, ең алдымен баланың құқықтары мен әл-ауқатына кері әсер етеді.
Пробация қызметінің мәліметінше, мұндай жұмыстар сотталған азаматтардың қоғамнан оқшауланбай түзелуіне, заң талаптарын орындауына және әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған.