638 хабарлама:  Алматыда буллинг және кибербуллингпен қалай күресіп жатыр?

638 хабарлама:  Алматыда буллинг және кибербуллингпен қалай күресіп жатыр?
Elements.envato.com

Жасөспірімдер арасындағы буллинг пен кибербуллинг бүгінгі күні өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Сондықтан онымен күресу жолдарының бірі – буллингке ұшыраған балаға көмек көрсететін мүмкіндіктерді көбейту.

Алматы қаласында буллингке қатысты шағым негізінен сенім телефондары арқылы түсетін көрінеді. Өткен оқу жылында осындай 457 өтініш тіркелсе, оның барлығы сенім телефоны, 111 бірыңғай байланыс желісі мен консультациялық алаңдар арқылы келіп түскен. Мамандар  әрқайсысын тексеріп, қажет болған жағдайда психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен басқа да бейінді қызметті осы іске тартқан.

Сонымен қатар мамандар буллингке қатысты профилактикалық жұмыстарының маңызы зор екенін де айтып отыр.

Алматы қаласы балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Жанат Жеңісбекқызы Алматыда өткен баспасөз конференциясында тілшіміздің сұрағына жауап беру кезінде буллинг пен кибербуллингтің алдын алу бойынша қандай шаралар қолданылып жатқанын айтып берді.

Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі

«Біздің басқарма екі ай болды жұмысын бастады. Осы уақыт ішінде аудан-аудан бойынша ата-аналар, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, «Алматы – қауіпсіз балалық шақ» деген керемет жоба іске қосылғалы жатыр. Сол жоба аясында бірқатар жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Нақты айтып кетсем, тамыз айында мемлекеттік мекетептердің басшылары және тәрбие жөніндегі орынбасарларына үлкен семинар өткізгелі жатырмыз. Сонымен бірге мектеп психологтарына жүйе бойынша қалай жұмыс істеу керектігін және бірыңғай алгоритмді қалай енгізу қажет, қалай жұмыс істеу керектігі туралы талқылаймыз», – деді Жанат Жеңісбекқызы.

Басқарма басшысының сөзінше тек 2025 жылдың өзінде Алматы мектептерінде буллингтің ықтимал жағдайлары туралы 638 хабарлама тіркелген. Әр өтініш мұқият тексеріліп, балалар мен жанжалға қатысушыларға психологиялық әрі педагогикалық көмек көрсетілген. Буллингтің расталған алты фактісі бойынша кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.