60 танысын алдап, жарты миллиард теңге тапқан әйел сотталды

60 танысын алдап, жарты миллиард теңге тапқан әйел сотталды
24.kz

Астанада 60-тан астам адамды алдап, жарты миллиард теңгеден астам шығын келтірген әйел сотталды, деп хабарлайды ult.kz.

Елордада бірнеше мәрте алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылған әйелге қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы хабарлады.

Тергеу мәліметінше, әйел өзіне сенген көршілері, достары және ескі таныстарын алдау схемасын ұйымдастырған. Ол «таныстары арқылы» ипотеканы жедел рәсімдеп, пәтер алып беруге немесе декреттік төлем көлемін көбейтуге көмектесетінін айтып, азаматтардан ақша алған. Кейбіріне несие рәсімдетіп, тіпті жылжымайтын мүлкін кепілге қоюға көндірген.

Алайда алынған қаражатты уәде етілген мақсатқа жұмсамай, өз қажетіне пайдаланған.

Іс материалдарына сәйкес, жәбірленушілердің бірі екі бөлмелі пәтерін кепілге қойып, банктен 16 миллион теңге несие алған. Сотталушы несиені өзі өтеп, үш бөлмелі пәтер алып беретінін айтқан. Алғашында бірнеше ай төлем жасағанымен, кейін байланысын үзіп, төлемді тоқтатқан. Соның салдарынан жәбірленуші 9 миллион теңгеден астам шығынға ұшыраған.

Тағы бір эпизодта әйел жәбірленушінің жұбайының декреттік төлемін көбейтіп беруге уәде етіп, 5 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген.

Прокуратураның мәліметінше, алаяқтың әрекетінен 60-тан астам адам зардап шегіп, оларға келтірілген жалпы материалдық шығын 500 миллион теңгеден асқан.

Сот барысында айыпталушы кінәсін ішінара ғана мойындап, тек кейбір эпизодтар бойынша өкініш білдірген.

Сот үкімімен ол 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талаптары толық қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енді.