60 млн долларға 51 мың орын: журналист Қырғызстан мен Қазақстан стадиондарын салыстырып, сұрақ қойды

60 млн долларға 51 мың орын: журналист Қырғызстан мен Қазақстан стадиондарын салыстырып, сұрақ қойды
ашық дереккөз

Қырғызстан астанасы Бішкекте Орталық Азиядағы ең ірі стадиондардың бірі пайдалануға берілді. Спорт нысанының құны мен сыйымдылығын Қазақстандағы жаңа стадионмен салыстырған спорт журналисі Аслан Каженов бірқатар сұрақ көтерді, деп хабарлайды ult.kz.

Аслан Каженов әлеуметтік желідегі жазбасында Бішкектегі стадионға арнайы барып, нысанның сәулеті мен сапасына жоғары баға берген.

Оның мәліметінше, стадионның құрылысына 60 млн доллар жұмсалған. Нысан 51 мың көрерменге шақталған және үш жылда салынған.

Ал Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның құрылысына 37 млн доллар жұмсалып, оның сыйымдылығы 3,6 мың орын болғанын атап өтті.

Автор екі нысанды салыстырып, олардың құны мен сыйымдылығы арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін алға тартты.

«Қырғыздар 60 млн-ға 51 мыңдық стадион салса, қазақтар 37 млн-ға кемі 30 мың орындық стадион салу керек қой. По-факту біздегісі 10 есе кіші болып тұр. Қалай сонда?» – деп жазды Аслан Каженов.

Сондай-ақ ол стадион құрылысына жұмсалған қаражаттың тиімділігіне қатысты «Ақша қайда? Кім жауап береді?» деген сауалдар қойды.

Айта кетейік, бұл – әлеуметтік желідегі автордың пікірі. Келтірілген құрылыс құны мен нысандардың сипаттамаларына қатысты ресми органдардың түсініктемесі жазбада көрсетілмеген.