Жылқыларын ұрлады деп Рахат Сәрсеновке айып таққан кәсіпкер Тәжіғали Елеуов өзіне қатысты айтылған пікірлерге жауап берді, деп хабарлайды ult.kz.
Кәсіпкер заңгер Айгүл Орынбекке берген сұхбатында жылқыға қатысты даудың өз нұсқасын айтып, бұған дейін Руслан Өтепбайдың жасаған мәлімдемесін сынға алды.
Тәжіғали Елеуовтің сөзінше, Руслан Өтепбай мәселені біржақты бағалап, тек Рахат Сәрсеновтің тарапын тыңдаған.
«Мен білімсізбін, сауатым жоқ деп отыр. Бірақ ол жақсы біледі, орысша да сөйлейді. Руслан Өтепбай тек Рахат жақты тыңдап, біржақты мәлімдеме жасады», – деді кәсіпкер.
Ол сондай-ақ 2016 жылдары Рахат Сәрсеновтің отбасына орталықтан үй алып бергенін айтты. Кәсіпкердің сөзінше, сол кезеңде Рахаттың Валя есімді аспазы болған.
«Рахаттың балалары менен жылқының қайда кеткенін сұрайды. Мен қайдан білемін, әкелерінен сұрасын. Ал сол Валя аспаздың ақшасымен қаладан үй салды. Түсініксіз мәселе өте көп», – деді Тәжіғали Елеуов.
Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі таңда жылқы дауына қатысты пікір білдіргендердің басым бөлігі мәселені тек бір тараптың сөзіне сүйеніп бағалап отыр.
Ол дауға қатысты барлық тараптың уәжін тыңдап, жағдайды жан-жақты қарау қажет екенін айтты.