6 тамызға арналған ауа райы болжамы қандай?

6 тамызға арналған ауа райы болжамы қандай?
Фото: freepik

6 тамызда Қазақстан аумағының басым бөлігінде жауын-шашынсыз, ыстық ауа райы сақталады. Елдің оңтүстігі, оңтүстік-батысы және орталық өңірлерінде ауа температурасы +35…+40 градусқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды ult.kz.

Солтүстік, шығыс және орталық аймақтардың кей жерлерінде атмосфералық фронттардың әсерінен күн күркіреп, жаңбыр жауады. Кей өңірлерде найзағай ойнап, бұршақ жаууы және екпінді жел тұруы мүмкін.

Батыс Қазақстанда күн ашық болғанымен, ауа температурасы +30…+36 градус аралығында болады. Ал оңтүстік өңірлерде аптап ыстықтың әсері күшейіп, +38…+40 градусқа дейін жетеді.

Еліміздің көптеген өңірінде желдің күшеюі, шаңды дауыл, сондай-ақ жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Әсіресе Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу, Абай, Ұлытау, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының бірқатар аумағында өрт қаупі өте жоғары деңгейде болады.

Синоптиктер тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында далада ұзақ жүрмеуге, мол сұйықтық ішуге, балалар мен қарттарды тікелей күн сәулесінен қорғауға, сондай-ақ табиғат аясында өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді.