Танымал халықаралық пиццерия желісіне жасалған кибершабуылдан кейін хакерлер Қазақстандағы шамамен 6 млн клиенттің деректерін қолға түсіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
КТК мәліметінше, ұрланған ақпараттың ішінде клиенттер мен қызметкерлердің аты-жөні, электронды поштасы, телефон нөмірі және мекенжайы бар. Сондай-ақ хакерлер 2024 жылдан бергі тапсырыстар тарихын да жариялаған.
Компанияның мәлімдеуінше, клиенттердің төлем деректері зардап шекпеген. Қазір ақпараттық қауіпсіздік мамандары шабуылды тексеріп, шабуылдаушылардың жүйеге қолжетімділігін бұғаттаған.
Хакерлер ұрланған мәліметтерді Telegram-арнасында ашық жариялап, журналистермен де байланысқа шыққан.
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. ІІМ орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, тергеу аясында бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр және үш адам қылмыстық қудалау аясында қарастырылуда.
Мамандардың айтуынша, мұндай деректер алаяқтардың қолына түссе, азаматтарға бағытталған фишинг, жалған қоңыраулар және басқа да алаяқтық әрекеттер үшін пайдаланылуы мүмкін.