Freedom Inside '26

400 мың теңгені қалтаға басқан: Ақтөбеде "грант алып беремін" деген алаяқ ұсталды

400 мың теңгені қалтаға басқан: Ақтөбеде "грант алып беремін" деген алаяқ ұсталды
gov.kz

Ақтөбеде мемлекеттік грант алып беруге уәде етіп, 400 мың теңгені иемденген күдікті анықталды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, полицияға 35 жастағы қала тұрғыны алаяқтық фактісі бойынша арызданған. Оның айтуынша, биыл сәуір айында кофеханалардың бірінде танысы мемлекеттік бағдарлама аясында грант рәсімдеуге көмектесетінін айтып, қызметі үшін ақшалай сыйақы сұраған.

Уәдеге сенген азамат оған 400 мың теңге берген. Алайда күдікті айтқан қызметін орындамай, ақшаны да қайтармаған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары 32 жастағы күдіктіні анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Алдын ала мәлімет бойынша, ол алынған қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

Аталған факті бойынша алаяқтық белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарды сақ болуға шақырып, мемлекеттік гранттарды, субсидияларды немесе өзге де қолдау шараларын ақшаға рәсімдеп беруге уәде ететін адамдарға сенбеуге кеңес берді. Мемлекеттік гранттар тек заңнамада белгіленген тәртіппен және уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы беріледі.