Ақтауда электр желісіндегі апат салдарынан қаланың бір бөлігі жарықсыз қалды, деп хабарлайды ult.kz.
«АУЭС» МКК мәліметінше, электр қуатының өшуі салдарынан 14, 15, 16, 28, 29, 30-шағынаудандар мен «Толқын-1» шағынауданының тұрғындары уақытша жарықсыз қалған.
Қазіргі уақытта апаттық бригадалар зақымданған учаскелерде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, электрмен жабдықтауды қалпына келтіру бағытында жұмыс істеп жатыр.
Бұл – еліміздің батыс өңірінде соңғы күндері тіркелген алғашқы жағдай емес. 28 шілдеде Атырау қаласының бір бөлігінде де электр энергиясы уақытша өшкен болатын. Ол кезде Маңғыстау облысы бағытына электр қуатының шамадан тыс ағуына байланысты қорғаныс автоматикасы іске қосылған.
Мамандардың айтуынша, электр желілеріне түсетін жүктеменің күрт артуына өңірде ауа температурасының 40 градустан жоғары көтерілуі себеп болған.