Батыс Қазақстан облысында еркін жайылымдағы жылқыларды ұрлап, оларды еліміздің оңтүстік өңірлеріне жөнелтіп отырған күдікті ұсталды. Полицияның мәліметінше, 48 жастағы ер адам 36 жылқыны ұрлауға қатысы бар. Малдың жалпы құны 14 млн теңгеден асады, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, күдіктіні БҚО ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Қаратөбе және Сырым аудандық полиция бөлімдерінің полицейлерімен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында анықтап, ұстаған.
Тергеу мәліметінше, күдікті қараусыз жүрген жылқыларды айдап әкетіп, өз ауласына қамап отырған. Кейін малды жүк көліктеріне тиеп, Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне жөнелткен.
Полиция қазіргі таңда оның жалпы құны 14 млн теңгеден асатын 36 жылқыны ұрлауға қатысы барын анықтады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мал ұрлығы үшін кінәлі адамға 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.
Полиция мал иелеріне жылқыларды қараусыз қалдырмай, міндетті түрде таңбалауға және GPS-трекер орнатуға кеңес береді. Бұл ұрлықтың алдын алып қана қоймай, жоғалған немесе қолды болған малды тез анықтауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында мал ұрлығына қатысты бірнеше қылмыс ашылған болатын.