2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы емхана қызметкерлерінің жалақысына қосымша үстемеақы қосылады. Қосымша төлем учаскелік дәрігерлерге, медбикелерге, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерге беріледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген құжат жобасында айтылған, деп хабарлайды ult.kz.
Өзгерістер алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) ұйымдарының қызметкерлеріне қатысты болады. Қосымша төлем мөлшері маманның үздіксіз еңбек өтілі мен жұмыс жүктемесіне байланысты есептеледі.
Еңбек өтіліне қарай берілетін үстемеақы:
Лауазымдық жалақыға шаққанда:
- 2 жылдан астам еңбек өтілі барларға – 20%;
- 3 жылдан астам еңбек өтілі барларға – 30%;
- 5 жылдан астам еңбек өтілі барларға – 50% үстемеақы төленеді.
Бұл үстемеақыны учаскелік терапевтер, педиатрлар және жалпы практика дәрігерлері алады.
Сондай-ақ орта буын медицина қызметкерлері қатарындағы учаскелік, патронаждық және мектеп медбикелеріне, жалпы практика медбикелеріне, фельдшерлер мен акушерлерге де қосымша төлем қарастырылған.
Жүктемесіне қарай берілетін үстемеақы:
Психоэмоционалдық және физикалық жүктемені ескере отырып:
- емхана психологтарына – базалық лауазымдық айлықақының (БЛА) 300%-ы;
- халықты сүйемелдеуге қатысатын әлеуметтік қызметкерлерге – БЛА-ның 200%-ы мөлшерінде үстемеақы беріледі.
Айта кетейік, тиісті өзгерістер енгізу туралы құжат жобасы ашық талқылауға шығарылды. Қоғамдық талқылау 2026 жылғы 7 желтоқсанға дейін жалғасады.