200 млн теңгелік автопарк: Перизат Қайраттан тәркіленген қымбат көліктер кімге бұйырды?

200 млн теңгелік автопарк: Перизат Қайраттан тәркіленген қымбат көліктер кімге бұйырды?
Перизат Қайрат. Фото-коллаж: juzmedia.kz

Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс аясында төрт автокөлік тәркіленді. Олардың қатарында Mercedes-Benz-тің екі моделі, Lexus LX 600 және Haval H6 GT бар. Көліктердің жалпы бағалау құны 196 744 985 теңге, яғни шамамен 197 млн теңге болады, деп хабарлайды ult.kz.

24.kz жазуынша, қымбат көліктердің ешқайсысы қарапайым азаматтарға сатылған жоқ. Олар электрондық сауда қорытындысымен полицияға, экономикалық тергеу қызметіне және арнайы мемлекеттік органға берілді.

Автокөлік Шығарылған жылы Бағалау құны Кімге берілді

Mercedes-Benz S 450

2024 79 415 000 теңге Астана полициясына
Lexus LX 600 2024 79 121 985 теңге Арнайы мемлекеттік органға
Mercedes-Benz EQE 500 4MATIC 2023 26 269 000 теңге Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне
Haval H6 GT 2024 11 939 000 теңге Астана полициясына

Көрсетілген сомалар – көліктердің бағалау құны. Бұл олардың бастапқыда қанша ақшаға сатып алынғанын немесе қазіргі нарықтағы нақты бағасын білдірмейді.

Mercedes-Benz S 450 – 79,4 млн теңгелік флагман

Тәркіленген көліктердің ең қымбатының бірі – 2024 жылы шығарылған қара түсті Mercedes-Benz S 450. Оның мемлекеттік нөмірі – 777 KPK 01, ал бағалау құны 79 415 000 теңге болған.

Электрондық сауда порталындағы мәліметте көліктің салоны ақ түсті былғарымен қапталғаны көрсетілген. Оған Pandora дабыл жүйесі бар кілт қоса берілген. Алайда аккумуляторы отырып қалғандықтан, автомобильдің техникалық жағдайын толық тексеру мүмкін болмаған. Кейін көлік Астана қаласының полиция департаментіне берілді.

Mercedes-Benz S-Class – неміс маркасының представительдік санаттағы флагман седаны. S 450 нұсқасы алты цилиндрлі бензин қозғалтқышын электр стартер-генераторымен біріктіретін жұмсақ гибридтік технологиясымен және 4MATIC толық жетек жүйесімен ерекшеленеді. S-Class жайлы жүрісімен, артқы қатардағы кеңістігімен және жүргізушіге көмектесетін электрондық жүйелерімен танымал.

Lexus LX 600 – иесі құпия сақталған жол талғамайтын көлік

Қара түсті Lexus LX 600 көлігінің бағалау құны 79 121 985 теңге болған. Оның мемлекеттік нөмірі – 100 PKO 01. Автомобиль Ғайни Алашбаеваның бауырының атына тіркелгені хабарланған.

Алғашында Lexus Қаржылық мониторинг агенттігінің балансына берілген. Кейін мемлекеттік мүлік комитеті оны арнайы мемлекеттік органдардың біріне өткізгенін мәлімдеді. Нақты қай мекеме пайдаланатыны мемлекеттік құпияға жатқызылып, жарияланбады. Мұндай органдар қатарына ұлттық қауіпсіздік құрылымдары, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган және Мемлекеттік күзет қызметі кіреді.

Lexus LX 600 – рамалық құрылымы бар толық өлшемді премиум жол талғамайтын көлік. Ол 3,5 литрлік қос турбиналы V6 бензин қозғалтқышымен жабдықталады. Еуропалық сипаттамада қозғалтқыш қуаты 415 ат күші, айналу моменті 650 Н·м деп көрсетілген. Қуат 10 сатылы автоматты беріліс қорабы арқылы тұрақты толық жетек жүйесіне беріледі.

Модельде жолсыз жерге арналған Multi-Terrain Select режимдері, айналаны және көлік астындағы аумақты көрсететін камералар, биіктігі реттелетін аспа және төмен жылдамдықта қозғалысты басқаратын Crawl Control жүйесі қарастырылған. Яғни бұл тек мәртебелі қала көлігі емес, күрделі жол жағдайына да бейімделген жол талғамайтын автомобиль.

Mercedes-Benz EQE 500 4MATIC – 26 млн теңгелік электромобиль

Ақ түсті Mercedes-Benz EQE 500 4MATIC электромобилі 2023 жылы шығарылған. Оның мемлекеттік нөмірі – 111 KPK 01, бағалау құны 26 269 000 теңге болған.

Электрондық саудаға шығарылған кезде көліктің сол жақ бөлігінде бірнеше зақым бары көрсетілді. Атап айтқанда, есігі, артқы көрініс айнасы, жүргізуші жақтағы әйнегі, қанаты, бампері, табалдырығы мен фарасы бүлінген. Оның техникалық жағдайын да толық тексеру мүмкін болмаған.

EQE – Mercedes-Benz компаниясының толық электрлі бизнес-класс седаны. Ал 4MATIC белгісі көліктің толық жетек жүйесімен жабдықталғанын білдіреді. Модель аэродинамикалық «бір доға» пішінімен, тыныш салонымен, цифрлық MBUX басқару жүйесімен және кей нұсқаларында ұсынылатын кең форматты Hyperscreen дисплейімен ерекшеленеді.

Бұл көлікке Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Павлодар облысы бойынша Шекара қызметінің департаменті өтінім берген. Қолданыстағы тәртіп бойынша өтінімді бірінші тапсырған мекемеге басымдық беріліп, электромобиль Шымкенттегі экономикалық тергеу қызметіне бұйырды.

Haval H6 GT – тізімдегі ең арзан көлік

Төрт автомобильдің ішіндегі бағалау құны ең төмені – қара түсті Haval H6 GT. 2024 жылы шығарылған көліктің мемлекеттік нөмірі – 514 ARQ 01. Ол 11 939 000 теңгеге бағаланған.

Автомобиль Ғайни Алашбаеваның бауыры Қырымгерей Алашбаевтың атына тіркелген. Сауда қорытындысымен Haval H6 GT те Астана қаласының полиция департаментіне берілді.

Haval H6 GT – төбесі артқы бөлігіне қарай көлбеу түсетін купе-кроссовер. Қазақстанда ұсынылған бензинді нұсқасы 2 литрлік турбомотормен, жеті сатылы қос іліністі роботтандырылған беріліс қорабымен және толық жетекпен жабдықталған. Ресми сипаттамада қуаты 204 ат күші, айналу моменті 320 Н·м, жүксалғыш көлемі 555 литр деп көрсетілген.

Модельде адаптивті круиз-бақылау, автоматты тежеу, айналаны шолатын камералар және тұраққа автоматты қою жүйесі секілді электрондық көмекшілер қарастырылған. Жаңа Haval H6 GT-нің Қазақстандағы ресми бағасы қазіргі прайс бойынша комплектациясына қарай 15,79–15,99 млн теңге аралығында көрсетілген.

Көліктер неге ашық нарықта сатылмады?

Tengrinews.kz жазуынша, мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің түсіндіруінше, тәркіленген көліктерді мемлекеттік органдардың балансына беру бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Яғни мекеме жаңа қызметтік көлік сатып алғанша, сот шешімімен мемлекет меншігіне өткен автомобильді пайдалана алады.

Мұндай көліктер алдымен құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және белгілі бір мемлекеттік органдарға арналған электрондық саудаға шығарылады. Бірнеше мекеме өтінім берген жағдайда құжатты бірінші тапсырған органға басымдық беріледі.

Перизат Қайраттың ісі бойынша қандай үкім шыққан?

2025 жылғы 25 шілдеде Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Перизат Қайратты алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Оның анасы Ғайни Алашбаеваға жеті жыл жаза тағайындалды.

Сот олардың мүлкін тәркілеу, қайырымдылық қызметпен айналысуына тыйым салу және 50 жәбірленушінің пайдасына 1 582 649 591 теңге материалдық шығын өндіру туралы шешім шығарған.

Осылайша Перизат Қайрат ісі бойынша тәркіленген төрт көліктің екеуі Астана полициясына, біреуі Шымкенттегі экономикалық тергеу қызметіне, тағы бірі атауы құпия сақталған арнайы мемлекеттік органға берілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда екінші буындағы жаңа Li Auto L9 ресми түрде таныстырылғанын жазған едік.