Қазақстанда әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 2 пайыздық жеңілдетілген ипотека беріледі. Бағдарламаға тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтар қатыса алады, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.
2 пайыздық ипотекаға жетім балалар, көпбалалы отбасылар, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, соғыс ардагерлері және оларға теңестірілген азаматтар, сондай-ақ жесірлер өтініш бере алады.
Басты талаптың бірі – отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс 254 255 теңгеден аспауы тиіс.
Биыл бағдарлама аясында 12,6 мың қарыз беру жоспарланған. Оған 175,1 млрд теңге қарастырылған. Жылдың алғашқы сегіз айында 3 954 азамат 2 пайыздық ипотека арқылы баспаналы болған.
Ал қалған санаттағы азаматтарға табыс деңгейіне шектеу қойылмайтын 5 пайыздық ипотека ұсынылады. Биыл оны 2 252 адам пайдаланған.