1,9 млрд теңге заңсыз табыс: танымал боксшының мүлкі тәркіленді

1,9 млрд теңге заңсыз табыс: танымал боксшының мүлкі тәркіленді
Bia Limova/Pexels

Петропавлда жоғары пайызбен заңсыз қарыз беріп келген бокс федерациясының бұрынғы вице-президенті Марат Әбілғазиев сотталды. Сот оның 2013-2025 жылдары осындай қызметтен 1,879 млрд теңге заңсыз табыс тапқанын анықтады, деп хабарлайды ult.kz.

«Время» басылымының жазуынша, тергеу мәліметінше, Әбілғазиевтен 43 адам қарыз алған. Олар пәтерлерін, үйлерін, көліктерін және коммерциялық нысандарын кепілге қойған. Қарыз бойынша ай сайынғы пайыз кей жағдайда 10 пайызға дейін жеткен.

Сот материалдарында кейбір қарыз алушылардың берешекті өтегеніне қарамастан, қарызы азаймағаны көрсетілген. Бір жағдайда 11 млн теңге алған кәсіпкер үш жылда 24 млн теңге төлесе де, одан тағы ақша талап етілген.

Тағы бір эпизодта әйел 13 мың доллар қарыз алып, пәтерін кепілге қойған. Алайда құжатта баспана Әбілғазиевке сатылған болып рәсімделіп, кейін ол пәтерді өз атына тіркеп, басқа адамға сатып жіберген.

Сот үкімімен Әбілғазиевтің 99 млн теңгеден астам банк қаражаты, 126 млн теңгеден астам қолма-қол ақшасы, шамамен 397 мың доллары, көліктері, жері мен жылжымайтын мүлкі тәркіленді.

Ол кінәсін мойындаған жоқ. Сот оны заңсыз микроқаржыландыру қызметі, өз бетінше әрекет ету және алаяқтыққа әрекет жасағаны үшін кінәлі деп танып, бастапқыда 3,5 жылға бас бостандығынан айырды. Кейін рақымшылыққа байланысты жаза мерзімі 2 жыл 7 ай 15 күнге қысқартылды.