Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қырғыз Республикасынан аса ірі мөлшердегі есірткі заттарының контрабандасы және оларды өткізу фактісі бойынша сотталған Қазақстан азаматшасын экстрадициялады, деп хабарлайды ult.kz.
Прокуратураның мәліметінше, әйел 2010 жылы Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының үкімімен кінәлі деп танылған. Тергеу барысында оның ақшалай сыйақы үшін салмағы 1 келіден асатын гашишті өткізу мақсатында Қазақстанның мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз тасымалдағаны анықталған.
Сот оған мүлкін тәркілей отырып, 15 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Алайда сотталғанның қарауында кәмелетке толмаған баласы болғандықтан, жазаны өтеу мерзімі баласы 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдырылған.
Соған қарамастан, пробациялық бақылауда жүрген әйел 2017 жылы сот үкімін орындаудан жалтарып кеткен. Осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланған.
Бас прокуратураның хабарлауынша, биыл наурыз айында іздеуде жүрген азаматша Қырғызстанның Бішкек қаласында ұсталған. Кейін Қазақстан тарапының сұрауы бойынша ол елге экстрадицияланған.
Қазіргі уақытта сотталған тергеу изоляторына қамалып, сот үкімін орындау рәсімдері жүргізіліп жатыр.