Петропавлдағы мектептердің бірінде оқитын 16 жастағы жасөспірімнен туберкулездің жұқпалы түрі анықталды, деп хабарлайды ult.kz.
Qazaqstan Media порталының жазуынша, қазір ол мамандандырылған медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, медициналық ұйымнан мектеп оқушысынан туберкулез анықталғаны туралы шұғыл хабарлама түскен. Ауру жоспарлы флюорографиялық тексеру кезінде белгілі болған.
Дәрігерлер жасөспірімге бактерия бөлетін туберкулез (МБТ+) диагнозын қойған. Қазіргі таңда ол облыстық фтизиопульмонология орталығында ем алып жатыр.
Оқиғадан кейін инфекция ошағында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ науқаспен байланыста болған барлық адамдар – отбасы мүшелері, мектеп оқушылары, мұғалімдер және жасөспірім қаралған емхана қызметкерлері медициналық тексеруден өтіп жатыр.
Бұдан бөлек, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жасөспірім тіркелген медициналық ұйым мен ауру анықталған мекемеде эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.