16 миллион қазақстандықтың жеке деректері интернеттің «қара нарығы» – Darknet арқылы сатылған болуы мүмкін. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мүсәлиев 16 миллион азаматтың дербес деректері неге коллекторлық агенттік қызметкерлерінің қолына түскені туралы сұраққа жауап беру барысында айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Вице-министрдің сөзінше, 16 миллион азаматтың мәліметін қамтитын ауқымды база бірнеше жыл, тіпті ондаған жыл бойы жинақталған болуы ықтимал.
«Менің пайымдауымша, бұл 16 миллион жазба жылдар, тіпті ондаған жылдар бойы жиналған. Даркнетте сатылатын бірыңғай деректер базасы болуы мүмкін. Коллекторлар ақпаратты сол жерден алған деген болжам бар. Бірақ бұл – әзірге тек болжам», – деді Досжан Мүсәлиев.
Еске салсақ, биыл маусым айында Жетісу облысында 16 миллионға жуық қазақстандықтың жеке деректері сақталған база тәркіленген болатын. Тергеу мәліметіне сәйкес, коллекторлық агенттік қызметкерлері азаматтардың деректерін заңсыз пайдаланған. Олардың қолында ЖСН, телефон нөмірлері және тұрғылықты мекенжайлар болған.
Аталған іс бойынша тергеуді полиция, прокуратура және Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, 2025 жылдың жазында интернетте 16 миллион қазақстандықтың жеке деректері жарияланған еді. Сол кезде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ақпараттың таралуына мемлекеттік жүйелердің бұзылуы емес, деректер базасына заңды қолжетімділігі бар тұлғалардың оны заңсыз пайдалануы себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Тексеру нәтижесінде жарияланған ақпараттың басым бөлігі 2022 жылы қолды болғаны анықталды.
Ал биыл сәуір айында Қазақстанда азаматтардың дербес деректерін заңсыз жинау және сатуға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқаны белгілі болды.