13 шілдеден бастап eGov.kz порталы арқылы білім беру грантына өтінім қабылдау басталады

13 шілдеден бастап eGov.kz порталы арқылы білім беру грантына өтінім қабылдау басталады
ашық дереккөз

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның хабарлауынша, 13 шілде сағат 09:00-ден бастап eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға өтінім қабылдау басталады. Құжаттарды онлайн түрде 20 шілде сағат 18:00-ге дейін тапсыруға болады, деп хабарлайды ult.kz.

Биыл қызметке бірқатар жаңарту енгізілді. Енді жүйе талапкерге мемлекеттік білім беру грантының конкурстан тыс тәртіппен бұрын тағайындалғанын автоматты түрде тексереді. Тексеру Ұлттық тестілеу орталығының деректері негізінде жүргізіледі. Егер талапкерге грант бұған дейін берілген болса, жүйе бұл туралы бірден хабарлап, қайта өтінім берудің қажеті жоқ екенін көрсетеді.

Ал қалған талапкерлер өтінімді жалпы тәртіппен тапсыра алады. Жеңілдік санатына жататын азаматтардың мәртебесі де өтінім беру барысында автоматты түрде расталады.

Өтінімді eGov.kz порталының «Азаматтарға – Білім – Жоғары білім» бөліміндегі «Білім беру гранттарын тағайындау...» қызметі арқылы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы рәсімдеуге болады. Өтінімнің мәртебесін пайдаланушылар жеке кабинеттен бақылай алады.

ҰАТ мәліметінше, өтінім қабылдау кезеңінде жүйеге түсетін жүктеме артқан жағдайда eGov.kz порталында электрондық кезек іске қосылады. Пайдаланушылар кезегі жақындағаны туралы 1414 нөмірінен SMS-хабарлама алуға жазыла алады. Бұл үшін өтінім беру кезінде тиісті чекбоксты белгілеу қажет.

Өтінім жолданғаннан кейін талапкердің жеке кабинетінде грант конкурсына қатысқаны туралы электрондық анықтама пайда болады. Ал конкурс қорытындысы бойынша грант иегерлеріне электрондық сертификат 10 тамыздан кешіктірілмей жеке кабинетке жіберіледі. Егер грант тағайындалмаса, талапкерге тиісті хабарлама жолданады.

Аталған қызмет ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылды.