Алматы облысында жасырын есірткі зертханасы жойылып, 125 мың доза синтетикалық есірткі тәркіленді, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz жазуынша, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Алматы облысы Қарасай ауданында жұмыс істеген жасырын есірткі зертханасын анықтап, оның қызметін тоқтатты.
Тергеу мәліметінше, 29 жастағы күдікті жеке тұрғын үйді синтетикалық есірткі өндіретін зертханаға айналдырған. Қажетті жабдықтар мен химиялық реагенттер интернеттің көлеңкелі сегменті арқылы жеткізіліп отырған.
Тінту барысында 28 келіден астам α-PVP синтетикалық есірткісі, 880 литр прекурсор және арнайы зертханалық жабдықтар тәркіленді.
ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің айтуынша, тәркіленген синтетикалық есірткі шамамен 125 мың бір реттік дозаға тең. Полицияның жедел әрекетінің арқасында бұл қауіпті өнім заңсыз айналымға түспей, мыңдаған адамның есірткіге тәуелді болуына жол берілмеді.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл бап өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.