АШМ киіктердің жаңа вирусқа шалдығуына қатысты түсініктеме берді

АШМ киіктердің жаңа вирусқа шалдығуына қатысты түсініктеме берді

- ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов киіктердің арасында жаңа вирустың таралуын жоққа шығарып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Киіктерге қатысты мәселенің барлығы орман шаруашылығының құзырында. Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің арасында меморандум бар. Соған байланысты мониторинг жүргізіледі. Бүгінгі таңда киіктердің арасындағы эпизоотикалық жағдай бірқалыпты. Ғылыми тұрғыдағы жұмыстың ресми мәліметі берілген емес. Қазір Қазақстан аумағында 108 мыңнан астам киік бар. Жаңа вирус туралы ресми ақпарат жоқ. Тексеру жүргізілген. 2013 жылы пастереллез шыққан. Одан басқа вирус анықталмады. Бүгінде ел аумағы киіктердің ауруынан таза» - деді Т.Қабдолданов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, жақында Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымы, академик Абылай Сансызбай киіктердің арасында жаңа вирустың таралып жатқанын мәлімдеді. «Жаңа вирустың атауы - Акабане. Осы уақытқа дейін аталған вирус Қазақстан территориясында болмаған. Ғалымдар киіктердің 12 пайызында Акабане вирусын тауып алды.  «Бұл аурудың ушығып кетуі киіктер санының күрт қысқаруына әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Сондықтан тиісті шараларды қолға алу қажет», - деді академик Сансызбай.