Қазаққа жаман мінез қайдан келген?..

Қазаққа жаман мінез қайдан келген?..

Кез келген құбылыстың әлеуметтік себебі болатынын ескерсек, әрбір кемістіктің түп-төркінін долбарлау қиын емес. Адам әдейілеп жаман болайын демейді. Алла-тағала әуел бастан әртүрлі қылып жаратуы бір басқа; қилы мінез-құлықтың қалыптасуына адамзат баласы өмір сүріп келе жатқан миллиондаған жылдар ішіндегі сан алуан жағдайлардың ықпал ететіні де мәлім. Бұл ретте сол тұңғиыққа тереңдемей-ақ қазақ қауымы құрылғаннан бергі дәуірлерді шолсақ та, халық бастан кешкен небір ауыртпалықтарды айта аламыз. Тағдыры күрделі ел екеніміз рас. Ғасырларға созылған ырғын-сүргін соғыс салған сұмдықты қайталап жату артығырақ болса да, кейбір сыртқы мүдделі күштер қасақана жасаған зұлымдық зардабын әлі күнге дейін тартып келе жатқанымызды ескермеске лаж жоқ. 

Еркін, өркеуде қазақ әуелде түрлі қысымды мойындай алмай, қолдан келгенше қарсыласып, бодандық құрсауынан құтылудың айла-шарғысын жасап бағады. Кейбір тарихи құжаттарда Санкт-Петербургтің мұндай «бассыздықты» аяусыз жаншып, далалықтардың сазайын тартқызу туралы дүркін-дүркін тапсырма бергені көрсетілген. Сондай мақсаттағы екі сапардың сәтсіздікке ұшырағаны тіркеліпті. Олардың бірі – генерал-майор М.Траубенбергтің 1771 жылғы, екіншісі граф В.Перовскийдің 1839 жылғы жорықтары. (Көшпенді түркілер арасында оқ-дәрімен атылатын қаруды алғаш болып игерген қазақ 1643 жылы жоңғарды талқандайды. Дәлірегі, алты жүз ғана жауынгер елу мың әскерден тұратын жоңғар қолын тырп еткізбепті. Мұндай мысалдар қазақтың со тұстардың өзінде аса осал дұшпан болмағанын аңғартады).

Бәрібір, «шүршіт аты естілсе, құрсақтағы бала дір ете түседі» дегендей, шығыстағы «айдаһар» көрші бір жақтан, патшалық Ресей екінші жақтан үйіріп соғып, діңкелетіп біткен екен. Кескілескен шайқастардан қалған үрейден бөлек, қайта-қайта қасақана жасалған аштық жаппай қыру арқылы сананы мертіктіріп, ұлттың гендік қорын күйретеді. Әсіресе, үш жүз жылға жуық билеген озбыр империя жергілікті бай-шонжарлар арқылы дегеніне жеткен. Ең шұрайлы жерлер мен қоғалы көл, қом-суды тартып алып, отырықшылдыққа мүмкіндік бермеген. 

Біздіңше, дәрменсіз халықты бұған қоса тұралата түскен тағы бір жәйтке әлі мән берілмей келеді. Ол – француз бен ағылшын концессионерлерінің қазақ даласын тіміскілеп, кен орындарын іздеуі. Қазір түбі көрінбейтін тас құдықтар сайын сахараның кез келген қиырынан кездесуі мүмкін. Кәдімгі шахта. Бәрі де қолмен қазылған. Әрине, оны келімсектер өздері ұңғыған жоқ, мардымсыз тиын-тебенге жергілікті жұртты жалдады. Және бұл үш-төрт айда немесе бір-екі жылда аяқтала салған жұмыс емес еді. Жаңғыз ғана мысал – ағылшын инженер-геологтері 1914 жылдан бастап Байқоңырдағы екі көмір шахтасы мен Қарсақбайдағы кен-байыту фабрикасы және маңайдағы өзге де шағын кеніш орындарына қажетті вагон-вагон құрал-жабдықты жеткізу үшін Жосалы мен Қарсақбай арасындағы 420 шақырым жерге жылжымалы теміржол тартады. Осы жұмысқа қамтылған төрт жүзден аса қазақ қайла-күрекпен кездескен төбе, тау-тасты қырнап, күні-түні жол төсейді. Мұншалықты жанкешті істе майып болғандар да аз болмайды. Және озбыр ағылшындар жұмысшылардың ақысын жеп, әбден қанап, салдарынан, кісі өліміне дейін апарған ереуілдер қайталанған. Жұмыс 1917 жылы аяқталады. Бірақ Қазан төңкерісі өршіген соң шетелдіктер шахталарды қиратып, еліне қашуға мәжбүр болған. Осы іспеттес геологиялық жортуыл көріністерін кейбір шет ел әдебиетінен де ұшыратып қаламыз. Айталық, француз классигі Луи Жаколионың шытырман оқиғалы «От жұтқандар» романындағы 1870-ші жылдардың соңын ала алтын іздеушілер сапары Солтүстік Америка, Батыс Еуропа, Австралия құрылығында өрбіп, бір шеті байтақ қазақ даласында жалғасып жатады. Осындағы қысқа ғана: «Орынбор қаласына таяу, әсіресе, Орал тауларының шоқылары маңайында мұндай елді-мекендер ірілене түседі. Жақын жерде әлдебір кеніштің бар екенін аңғаруға болады. Себебі, осы таулардың азиялық бөктерлері мысқа, күміске, алтын мен платинаға, басқа да қымбат металдарға бай келеді» деген жолдар талай жайды аңғартып тұр. (Жаколио Л. – Пожиратели огня. Москва: Booh chamber international, 1992. – с. 435). 

Міне, мұншалықты сары сүргін зорлық-зомбылықтың бәрі маңдайының соры қалың халықтың ақылын аздырады. Діңкелеткен жоқшылық, ауыр тұрмыс тауқыметі адамгершіліктен бір сәт алыстата түспекші. (Осындайда амалсыз ойға оралады – ашынғанда «қу шұнақ» Құдайды да қарғай алған да тек қазақ әйелі шығар). Біртіндеп сүйекке сіңген дүниеқоңыздық, ашкөздік, аярлық та сол баяғы қу сирақ кедейліктің салдары болуы керек. 

Бәрібір, арлы елдің дені асыл қасиеттен айнымаған. Қатыгез дүниенің жантүршігерлік қиындықтарын жеңіп шығуда Қазақ әйелі қосқан үлес зор. Отбасы мен ұрпақ тәрбиесі алдындағы жауапкершілік әйел табиғатында әуелден-ақ басым келеді. Зерттеуші Инга Стасевич «Социальный статус женщины у казахов: традиции и современность» аталатын еңбегінде қазақтың ертеден-ақ өте мейірімді ата-ана екенін айтады. Кемеңгер халықтың «перзентіңді беске дейiн балаңдай сыйла, бестен он беске дейiн құлыңдай жұмса, он бестен кейiн құрдасыңдай сыйлас!» үрдісін берік ұстанатынын, ұл-қыздарын қалайда оқытуға тырысатынын келтіреді. Расында да, анау Шоқандар мен Алаш арыстары сондай жақсы ғұрыптың жемісі еді...

Құлтөлеу Мұқаш, жазушы

Төменде: Тарас Шевченконың "Даладағы өрт" картинасы. 1848 жыл.

"Ұлт порталы"