Алматыда кене шаққан жағдайда кеңес беретін 1312 жедел желісі іске қосылды

Алматыда кене шаққан жағдайда кеңес беретін 1312 жедел желісі іске қосылды
ашық дереккөз

Алматыда тұрғындарға кене энцефалитінің алдын алу және кене шаққан жағдайда жедел көмек көрсету бойынша кеңес беретін 1312 жедел желісі жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды ult.kz.

Мамандардың айтуынша, тұрғындар аталған нөмір арқылы кене энцефалитіне қарсы вакцинация жөнінде ақпарат алып, кене шаққан жағдайда қандай әрекет жасау керектігі туралы кеңес ала алады.

Дәрігерлер кене шаққаннан кейін алғашқы 96 сағат ішінде міндетті түрде медициналық көмекке жүгінудің маңызын ескертеді. Себебі дәл осы уақытта шұғыл профилактика ретінде иммуноглобулин енгізу ең тиімді нәтиже береді.

Медициналық көмек қалалық ауруханалардың травматологиялық пункттерінде көрсетіледі. Ал 18 жасқа дейінгі балалар тұрғылықты жеріне қарамастан Манас көшесі, 40 мекенжайында орналасқан Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы орталығында қабылданады.

Дәрігерлер алдын ала вакцина салдыруға да кеңес береді. Алматы қаласындағы емханаларда 16 жастан асқан тұрғындарға арналған ТикоВак вакцинасы қолжетімді екені айтылды. Сонымен қатар қаладағы медициналық ұйымдар қажетті иммуноглобулин және вакцина қорымен толық қамтамасыз етілген.

Қосымша ақпарат пен қай медициналық мекемеге жүгіну қажеттігін тұрғындар 1312 жедел желісі арқылы біле алады.