Алматыда 12 жастағы Абылайханның өліміне қатысты жаңа мәліметтер жария болды. Журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында марқұмның әжесі қайғылы оқиға туралы айтып, көз жасына ерік берді, деп хабарлайды ult.kz.
Оның сөзінше, күдіктіні белгілі бір деңгейде түсінуге тырысқанымен, немересіне жасалған қатыгездікті ақтау мүмкін емес.
– «Қылмыскерді 15 пайыз ғана түсінемін. Бірақ немеремді жануарды өлтіргендей пышақтап тастаған», – дейді ол.
Журналист бүгін оқиғаға қатысты бағдарламаның толық нұсқасы жарияланатынын хабарлады. Онда «12 жастағы баланы кім және не үшін өлтірді?», «Күдіктілер не дейді?», «Балалар психикасына қандай ойындар қауіп төндіреді?» деген сауалдарға жауап ізделеді.
Еске салайық, қайғылы оқиға 10 маусым күні Алматыда болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 6-сынып оқушысына бірнеше рет, нақтырақ айтқанда тоғыз рет пышақ жарақаты салынған. Бала алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Полиция күдікті ретінде 13 жастағы жасөспірімді ұстады. Тергеу мәліметінше, ол марқұммен бұрыннан таныс болған. Алдын ала болжам бойынша, қайғылы жағдай балалар арасындағы жанжалдың ушығуынан болған.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Сонымен қатар күдіктінің ата-анасының жауапкершілігі мәселесі де қарастырылуда.