Freedom Inside '26

1,2 млрд теңге шығын: "Восток Инжиниринг" басшысы іздеуге жарияланды

1,2 млрд теңге шығын: "Восток Инжиниринг" басшысы іздеуге жарияланды
pnp.ru

Қаржылық мониторинг агенттігі Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы әлеуметтік маңызы бар нысандар құрылысына қатысты ірі заңбұзушылық фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Іс аясында "Восток Инжиниринг" ЖШС басшысы іздеуге жарияланды, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, компания 2020–2023 жылдары жеті әлеуметтік нысанның құрылысына техникалық қадағалау жүргізген. Оның міндетіне құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасы мен көлемін бақылау, сондай-ақ жобалық-сметалық құжаттама талаптарының сақталуын тексеру кірген.

Алайда агенттік дерегіне сәйкес, кәсіпорын көрсетілген қызметтері үшін қаржы алғанымен, құрылыс барысына тиісті бақылау жүргізбеген. Керісінше, компания басшысы нақты орындалмаған жұмыстар туралы жалған мәліметтер енгізілген қабылдау актілеріне қол қойған деген күдікке ілінді.

Тергеу барысында жүргізілген тінту кезінде мөрлердің көшірмелері мен жалған құжаттар табылған. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген залал көлемі 1,2 млрд теңгеден асқан.

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, серіктестік басшысы іздеуге жарияланған. Соттың санкциясымен оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы сырттай таңдалды.

Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары күдіктінің жүрген жерін анықтау және істің барлық мән-жайын тексеру жұмыстарын жүргізуде.