Freedom Inside '26

115 мың студент жатақханаға мұқтаж: Мәжілісте мәселе көтерілді

115 мың студент жатақханаға мұқтаж: Мәжілісте мәселе көтерілді
Ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, еліміздегі студенттік жатақхана тапшылығы мәселесін көтерді, деп хабарлайды ult.kz.

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы жастарға қолайлы жағдай жасауға, білім беру инфрақұрылымын дамытуға және адами капиталдың сапасын арттыруға ерекше назар аударып келеді. Осыған байланысты студенттердің қауіпсіз әрі сапалы ортада білім алуы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі саналады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2025–2026 оқу жылының басында Қазақстанда 678 мың студент білім алған. Оның ішінде 364 мыңы – өңірлерден келген жастар. Ресми деректер бойынша 115 мың студент жатақханаға мұқтаж болса, олардың 95 мыңы ғана жатақханамен қамтамасыз етілген. Бұл кемінде 20 мың студенттің тұрғын үй мәселесі шешілмегенін көрсетеді.

Сонымен қатар, Жоғары аудиторлық палатаның есебінде «Қаржы орталығы» АҚ деректеріне сүйене отырып, жатақхана орындарының тапшылығы 33 мың орынға жететіні айтылған.

"Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету – білім беру саласының ғана емес, мемлекеттік жастар саясатының, өңірлік дамудың және еңбек нарығының маңызды мәселесі. Айта кету керек, соңғы жылдары бұл бағытта біршама жұмыстар да атқарылды, жаңа жатақханалар салынды, орын тапшылығы қысқарды. 
Ғылым және жоғары білім министрлігі де, жоғары оқу орындары да жағдайды жақсартуға мүдделі және тиісті жұмыстар жүргізуде. Алайда мәселені түбегейлі шешу үшін Үкімет деңгейінде оңтайлы үйлестіру, тұрақты бақылау және бірнеше мемлекеттік органның күшін біріктіретін жүйелі тәсіл қажет деп санаймыз, – деп отыр Нұргүл Тау.

Осыған байланысты депутат Үкіметке бірқатар ұсыныс енгізді. Атап айтқанда, студенттік тұрғын үйдің бірыңғай ұлттық цифрлық платформасын құру, жоғары оқу орындарының тиімділігін бағалау жүйесіне студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін енгізу, жатақхана құрылысына инвестиция салатын оқу орындары мен инвесторларға ынталандыру тетіктерін қарастыру ұсынылды.

Сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмдерінің тиімділігін талдау, әкімдіктердің жұмысын бағалау көрсеткіштеріне студенттік жатақхана құрылысына жер бөлу мәселесін енгізу, студенттік тұрғын үйді жеке инвестициялық бағыт ретінде дамытуға арналған құқықтық базаны жетілдіру мәселелері көтерілді.

Бұдан бөлек, депутат студенттік жатақханалардың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасына қатысты бірыңғай ұлттық стандарттар әзірлеп, олардың сақталуын тұрақты бақылау тетігін енгізуді ұсынды.

"Студенттік жатақхана мәселесі – стратегиялық маңызы бар мәселе. Ұсынылған шаралар революциялық өзгерістерді қажет етпейді, олар саяси ерік пен тиімді үйлестіруді талап етеді", – делінген депутаттық сауалда.

Мәжіліс депутаты Үкіметтен аталған мәселе бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен әзірленетін кешенді жоспар мен қабылданатын нақты шаралар туралы жауап беруді сұрады.