110 млн теңге айналым: Алматыда заңсыз интернет-казино желісі тоқтатылды

110 млн теңге айналым: Алматыда заңсыз интернет-казино желісі тоқтатылды
Видеодан скриншот

Алматыда заңсыз интернет-казинолардың төлем инфрақұрылымын қамтамасыз еткен күдіктілер тобы анықталды. Ойыншылардан 16 дроппердің шотына 110 млн теңгеден астам қаражат түскен, деп хабарлайды ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер Olymp Casino, Rukh Poker және 7Kcasino интернет-казиноларының төлем жүйесін ұйымдастырған. Ақша аударымдары Rocket.do платформасы арқылы өңделген.

Тергеу дерегіне сәйкес, топ мүшелерінің бірі шетел азаматтарына 200 долларға дейін сыйақы ұсынып, олардың банк шоттарына қол жеткізген. Ол дропперлерді Қазақстанға әкеліп, ЖСН алуға және банк шоттарын ашуға көмектескен.

Нәтижесінде күдікті 15 шетел азаматының шотын және өзінің шотын пайдаланған.

Күдіктілердің бірі қамауға алынды, тағы үшеуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

ҚМА өзге мәліметтер ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейтінін хабарлады.