Қостанайда өңіраралық бағытта ірі көлемдегі есірткіні тасымалдаған 25 жастағы курьер ұсталды. Одан 1,5 келіден астам есірткі тәркіленіп, 10 мыңнан астам бір реттік дозаның заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында интернет арқылы есірткі таратумен айналысатын заңсыз дүкендердің қызметін анықтау және жолын кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қостанай қаласында өңіраралық бағытта әрекет еткен интернет-есірткі дүкенінің 25 жастағы курьері ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол еліміздің әр өңіріне ірі көлемдегі есірткі партияларын жеткізіп, кейін оларды жасырын орындарға қалдыру арқылы таратқан.
Күдікті қылмысын жасыру үшін есірткілерді вакуумдық қаптамаларға орап, құрғақ сүт қаптарының ішіне жасырған. Бұл тәсіл жүкті тасымалдау кезінде күдік туғызбау және құқық қорғау органдарының анықтауын қиындату мақсатында қолданылған.
Тінту барысында заңсыз айналымнан жалпы салмағы 1,5 келіден асатын меткатинон психотроптық заты мен кептірілген марихуана тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл көлем 10 мыңнан астам бір реттік дозаға тең.
Қазір полиция қылмыстық схеманы ұйымдастырушыларды, есірткі жеткізу арналары мен интернет-дүкеннің жұмысына қатысы бар басқа да тұлғаларды анықтап жатыр.
ІІМ интернет арқылы есірткі таратуға кез келген деңгейде қатысу – ұйымдастырушы, оператор, курьер немесе жасырын орындарға есірткі қалдырушы болсын – ауыр қылмыс екенін ескертті. Мұндай әрекеттер үшін заңнамаға сәйкес өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.
Ведомство есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес пен интернет арқылы әрекет ететін есірткі желілерін анықтау және жою жұмыстары тұрақты түрде жалғасатынын мәлімдеді.